Қазақстанда алдағы бір жыл ішінде бензин бағасы күрт өсуі мүмкін. Егер билік жаңа мораторий енгізбесе, елде жанармай бағасы көршілеріміздің деңгейіне жетуі ықтимал, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің айтуынша, Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің желтоқсан айының соңында өткен отырысында мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру туралы келісім жасалды. Бұл келісім 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Осыған сәйкес, ЕАЭО шеңберінде бензин бағасы мен сату шарттары бірдей болмақ.
«Бұл іс жүзінде, ағымдағы жылдың соңына қарай, Қазақстандағы жанармайдың бағасы Ресеймен теңеседі дегенді білдіреді. Қазіргі уақытта рубль мен теңгенің арақатынасына қарай қазақстандық АЗС-тердегі бензин ресейлікке қарағанда шамамен екі есе арзан. Мұндай жағдай ЕАЭО-ның тағы бір көршісі — Қырғызстанмен де салыстырғанда байқалады», — деді Олег Червинский.
Төмен бағаның салдарлары: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы арзан бензиннен азаматтар емес, ірі бизнес қана пайда көреді. Ел көршілес мемлекеттер үшін арзан жанармай көзіне айналған. Қазақстандық сарапшылар бензин бағасын жасанды түрде төмендету отынның шетке кетуіне, мұнай өндіруге инвестициялардың азаюына және ішкі сұранысты өтей алмауға әкеп соқтыратынын айтып жүр. Сондықтан жанармай бағасын көтеріп, оны нарықтық жолмен қалыптастыру қажеттігі бар.
