Өскеменде 7 қаңтарда ер адам бірге тұратын әйелін пышақтап өлтірді

Өскеменде 7 қаңтар кешінде көпқабатты үйде тұрмыстық жанжал соңы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Оқиға Астана көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Полиция күдіктіні көп ұзамай қолға түсірді. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полицейлер Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша (адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Сол күні Шығыс Қазақстан облысында тағы бір адам пышақ жарақатынан қаза тапты.

Катонқарағай ауданында жанжал кезінде жергілікті тұрғындардың бірі екіншісіне пышақ сұққан. Жараланған ер адам ауруханада көз жұмды. Күдіктіні полицейлер ұстады, ол да уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Осы факті бойынша өлімге әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті.

Полиция ауыр және аса ауыр қылмыстардың едәуір бөлігі мас күйде жасалатынын айтады. Тергеу екі оқиғада да жанжалдың қалай болғанын және қандай жағдайда пышақ қолданылғанын анықтап жатыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика