Трамп Венесуэланың уақытша басшысына маңызды үндеу жолдады

Фото: РБК

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригеске қатаң ескерту жасады. Оның айтуынша, егер Родригес Вашингтонмен ынтымақтастықтан бас тартса, салдары ауыр болуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaq Today ақпарат порталы.

DW агенттігінің мәліметінше, Дональд Трамп жексенбі күні The Atlantic басылымына берген сұхбатында Венесуэланың уақытша президенті АҚШ-пен әріптестіктен бас тартқан жағдайда, бұл «Николас Мадуроға қарағанда да ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал» екенін айтты. Трамптың сөзінше, егер Родригес АҚШ-тың талаптарын қабылдаса, Венесуэлада америкалық әскерді орналастырудың қажеті болмайды. Сонымен қатар ол Вашингтонның қорғаныс мақсатында Гренландияны бақылауда ұстауы маңызды екенін де атап өтті.

3 қаңтарда Венесуэланың Жоғарғы сотының шешімімен вице-президент Делси Родригес елдің уақытша басшысы болып тағайындалған. Бұған дейін АҚШ арнайы қызметтері Каракаста Венесуэла президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті ұстап, Нью-Йоркке жеткізген. АҚШ билігі Мадуроны есірткі терроризміне қатысы бар деп айыптауда.

Мадуро мен оның әйелі ұсталғаннан кейін Дональд Трамп Венесуэланы уақытша басқару АҚШ әкімшілігінің бақылауына өтетінін мәлімдеген болатын. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл процесті АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио басқаруы мүмкін. Сол кезде Трамп Делси Родригестің АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екенін айтқан еді. Алайда уақытша президент Венесуэланың мемлекеттік телеарнасында сөйлеген сөзінде Николас Мадуроны елдің жалғыз заңды президенті деп атады.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика