Мадиев: AlemLLM — ашық деректерге негізделген ұлттық модель
Жасанды интеллект министрі Жаслан Мадиев AlemLLM-нің қытайлық Yi-Lightning негізінде жасалғанын, бірақ ашық деректер пайдаланылғанын айтты.
Сурет: Коллаж: Tizgin.kz
Америка Құрама Штаттары ChatGPT мен Gemini-ді, Қытай DeepSeek-ті жасап шығарды. Ал Қазақстан өзінің ұлттық тілдік моделін неге қытайлық 01.AI компаниясына сеніп тапсырды? Шетелдік әзірлеуші қалай таңдалды? Басқа технологиялық алыптардың ұсыныстары қарастырылды ма? Егер AlemLLM бұрыннан бар қытайлық Yi-Lightning моделінің негізінде жасалса, оны Қазақстанның өзіндік ұлттық тілдік моделі деп атау қаншалықты негізді? Осы сұрақтарды Tizgin.kz жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке жолдады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жаслан Мадиевтің айтуынша, Қазақстан ең алдымен ірі технологиялық компаниялардың ешқайсысына басымдық бермейді және олардың монополиясына жол бермейді. Министр бұл модельдерді әзірлеу мемлекеттік қаражат есебінен жүргізілмегенін де мәлімдеді.
«01.AI компаниясы жасанды интеллект саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, профессор Ли Кай-Фуға тиесілі. Осы компаниямен бірлесіп, біз модельдердің бірін оқыту жұмысын жүргіздік. Жақсы модель шықты, бірақ оны одан әрі дамыту қажет. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Алайда 01.AI – жалғыз компания емес. KAZ-LLM жасау үшін біз Назарбаев Университетінің зертханасымен ынтымақтасып, басқа модель әзірледік. Astana Hub Ұлттық банкпен бірлесіп зертхана ашуды жоспарлап отыр. Бізде шағын және үлкен тілдік модельдерді әзірлеуге арналған зертхана болады. Сондықтан біздің мақсатымыз – осындай мамандардың санын арттыру. Біз ұлттық және басқа да жаңа модельдердің пайда болуына, оларды қазақстандық токендерді пайдаланып оқытуға және сапасын арттыруға жәрдемдесетін боламыз», – деді ол.
Тілші бұл жағдайда AlemLLM-ді ұлттық тілдік модель деп санауға бола ма деп нақтылады. Мадиев оларды оқыту кезінде қазақстандық токендер пайдаланылғандықтан, KAZ-LLM мен AlemLLM-ді ұлттық модельдер деп атауға болатынын айтты.
«ChatGPT, Claude немесе басқа базалық модельдерді әзірлеу үшін миллиардтаған инвестиция қажет. Бір миллиард доллардан астам қаражат керек. Сондықтан бізде базалық модельді нөлден жасауға мұндай қаражат жұмсауға мүмкіндік те, мақсат та жоқ. Біз ашық бастапқы коды бар модельдерді пайдаланып, олардың қазақ тіліндегі жұмыс сапасын арттыру жұмысын жалғастыруға болады деп есептейміз», – деп атап өтті министр.
AlemLLM-ді оқыту үшін қандай нақты қазақстандық деректер пайдаланылды? Бұл деректер қытайлық компанияға берілді ме? Осы сұраққа жауап бере отырып, Жаслан Мадиев ашық деректер жиынтықтары – интернетте және кітаптардағы ақпарат туралы сөз болып отырғанын, сондықтан оның пікірінше, қауіпсіздік тұрғысынан ешқандай мәселе жоқ екенін мәлімдеді.
Қазақстанның ұлттық тілдік моделі AlemLLM-ді әзірлеуге жасанды интеллект технологияларына маманданған қытайлық 01.AI компаниясы тартылды. Оның негізін қалаушы – жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшы, Google China-ның бұрынғы басшысы Ли Кай-Фу.
Жобаның мақсаты – қазақ тілін жақсы меңгерген, ұлттық мәдениет пен жергілікті ерекшеліктерді ескеретін, сондай-ақ мәтіндерді өңдеуге және генерациялауға қабілетті жасанды интеллект моделін жасау. Алайда қолда бар мәліметтерге сәйкес, AlemLLM нөлден емес, бұрын жасалған қытайлық Yi-Lightning тілдік моделін қосымша оқыту арқылы әзірленген.
Осы жазбаны Instagram-да қарау
