Негізгі мазмұнға өту
Дүйсенбі, 23 қараша 2026 $ 456,0↑€ 500,2↑₽ 5,60↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

    Ақтөбеде шенеунік екінші рет сотталып кетті

    Ақтөбеде шенеунік екінші рет сотталып кетті

    Фото: Ақтөбе әкімдігі

    Ақтөбеде Жандос Әлімов өзінің балдызына мемлекеттен заңсыз үй алуына көмектескен. Ал әйел тұрғын үй кезегінде тұрмаған және заңсыз үйді алғаннан кейін оны қайта сатылымға шығарып, сатып жіберген. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

    Айыптау материалдарына сәйкес, әйел жалға алушының қайтыс болуына байланысты тұрғын үйді жалдау шартын өз атына ауыстыру туралы өтініш берген. Құжатқа атасының қайтыс болғаны туралы куәлікті тіркеген. Алайда марқұм атасының да, өтініш берушінің де бұл пәтерге ешқандай қатысы болмаған.

    Әлімов туысының тұрғын үй кезегінде тұрмағанын білгенімен, оның өтінішін тұрғын үй комиссиясының қарауына жолдаған. Кейін комиссия мүшелерін әйелдің пәтер алуға құқығы бар екеніне сендіріп, отырыс хаттамасын алдын ала оң шешім қабылданғандай етіп әзірлеген. Осыдан кейін туысына уақытша берілген тұрғын үй басқа, жайлы пәтерге ауыстырылып, оны тегін жекешелендіру туралы өтініші қанағаттандырылған. Заңсыз жолмен алынған баспана кейін 5 миллион теңгеге сатылған.

    Бір қызығы, тұрғын үй қатынастары бөлімі жекешелендірілген пәтерлердің тізімін прокуратураға бергенімен, онда Әлімовтің туысының аты-жөні көрсетілмеген. Әлімов мұндай тапсырма бермегенін айтқан. Ал бөлім қызметкері сотта тізімнен бір адамның аты-жөнін неліктен алып тастағанын есіне түсіре алмаған.

    Жандос Әлімов өз кінәсін мойындамай, тұрғын үй беру туралы шешім комиссия мүшелерімен бірлесіп қабылданғанын алға тартқан. Оның айтуынша, комиссия құрамында Ақтөбе қаласының әкімі, орынбасарлары, әкімдік бөлімдерінің басшылары, мәслихат пен қоғамдық кеңес өкілдері болған.

    Алайда сот оның уәждерімен келіспеді. Екінші қылмыстық іс бойынша Әлімов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мемлекетке 9 миллион теңге көлемінде залал өтейтін болды.

    Әлімовтың бірінші соты
    Биыл сәуірде тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол тұрғын үй кезегінде тұрмаған адамдарға заңсыз пәтер алуға көмектескен. Кейін олар баспананы жекешелендіріп, сатып жіберген. Әлімовтің көмегімен заңсыз тұрғын үй алғандардың арасында тұрғын үй қатынастары бөлімінің қызметкерлері мен оның жерлестері де болған.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →