Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 21 қараша 2026 $ 453,0↑€ 497,7↑₽ 5,54↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Хван Дон Хёк: «Кальмар ойыны» 4-маусымға оралуы мүмкін, бірақ шешім Netflix-те • Тоқаев ҰҚК төрағасынан ұлттық қауіпсіздік бойынша есеп тыңдады • Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдарын реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді • Ақбота Керімбекова: Шоу-бизнесте әділетсіздік бар, кәсіби әншілердің еңбегі бағаланбайды • Тоқаев: Аграрлық кредиттер қолжетімді әрі ұзақ мерзімді болуы керек • Мессидің бір жылдық жалақысы белгілі болды • Хван Дон Хёк: «Кальмар ойыны» 4-маусымға оралуы мүмкін, бірақ шешім Netflix-те • Тоқаев ҰҚК төрағасынан ұлттық қауіпсіздік бойынша есеп тыңдады • Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдарын реформалау жөнінде нақты тапсырмалар берді • Ақбота Керімбекова: Шоу-бизнесте әділетсіздік бар, кәсіби әншілердің еңбегі бағаланбайды • Тоқаев: Аграрлық кредиттер қолжетімді әрі ұзақ мерзімді болуы керек • Мессидің бір жылдық жалақысы белгілі болды •

    Хван Дон Хёк: «Кальмар ойыны» 4-маусымға оралуы мүмкін, бірақ шешім Netflix-те

    «Кальмар ойыны» авторы Хван Дон Хёк Доха кинофестивалінде франшизаға оралуы мүмкін екенін айтты, бірақ шешім Netflix-ке тиесілі.

    Хван Дон Хёк: «Кальмар ойыны» 4-маусымға оралуы мүмкін, бірақ шешім Netflix-те

    Сурет: ЖИ

    «Кальмар ойыны» сериалының авторы Хван Дон Хёк Доха кинофестивалі аясында өткен Doha Industry Days шарасында көрермендерін қуантты. Ол болашақта әйгілі франшизаға қайта оралуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сериал 2025 жылы үшінші маусыммен ресми түрде аяқталғанымен, режиссер бұл әлемде жаңа оқиғалардың пайда болуын жоққа шығармайды.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Алайда режиссер франшизаның алдағы тағдыры тек өзіне ғана байланысты емес екенін атап өтті. «Кальмар ойынына» қатысты құқықтар Netflix-ке тиесілі, сондықтан жобаның әрі қарай дамуы туралы шешімді де сол стриминг сервисі қабылдайды.

    Қызықты факт: Хван Дон Хёк «Кальмар ойыны» сценарийін 2008–2009 жылдары жазған. Ол кезде бұл идея тым қатыгез және түсініксіз болып көрінгендіктен, бірде-бір студия жобаны қаржыландыруға келіспеген. Сөйтіп сценарий он жыл бойы сөреде сақталған. Тек 2019 жылы бұл жобаны Netflix қолға алды.

    Netflix болса тек сериалмен шектелмей, бұл жобаны үлкен франшизаға айналдыруды көздеген. Нақтырақ айтсақ, «Кальмар ойыны: Челлендж» (Squid Game: The Challenge) атты реалити-шоудың екінші маусымы түсірілуде. Сондай-ақ, сериал желісі бойынша үлкен бюджетті видеоойын әзірленіп жатқаны туралы ақпарат бар.

    Қазіргі уақытта Хван Дон Хёк «Қарттарды өлтірушілер клубы» атты толықметражды ғылыми-фантастикалық фильм жасауда. Фильмде болашақта бай адамдар өзіне жастық шақты сатып алатыны сипатталады. Қоғамдағы теңсіздіктің артуына наразы болған жас буын өкілдері 80 жастан асқан ықпалды әрі ауқатты адамдардың көзін жоюмен айналысатын ұйым құрады.

    Режиссер бұл жобаның идеясы қоғамның болашағына деген алаңдаушылықтан туғанын түсіндірді. Оның пікірінше, ғылым мен технологияның дамуының арқасында адамдар бұрынғыдан да ұзақ өмір сүре бастайды. Ал байлар билік пен ақшаны өз қолында ұстап қалып, жастарға ешқандай мүмкіндік қалдырмайды. Режиссердің айтуынша, бұл туынды қазіргі қоғамдағы жастар мен қарттар арасындағы қарым-қатынасты, билік үшін күресті өте өткір көрсетеді және «Кальмар ойынынан» да зұлымдау фильм болмақ.

    «Кальмар ойынының» жұлдыздары – Ли Бён Хон мен Пак Хэ Су «Қарттарды өлтірушілер клубы» фильмінде де бой көрсетеді. Түсірілім жұмыстарын 2027 жылдың бірінші жартысында бастау жоспарланған.

    Режиссер Хван Дон Хёк бірінші маусымның орасан зор табысты болғанын, Netflix жалғасын тездетуді талап еткенін, көрермендердің жаңа бөлімдерді тағатсыздана күтіп, жиі сұраумен боғанын еске алды. Сондай-ақ, «Кальмар ойыны» идеясының қалай пайда болғанын баяндап берді. Айтуынша, 2009 жылы ол қатты қаржылық қиындыққа тап болған. Банктік шотында небәрі бес долларға жуық ақша қалған. Сол кезде режиссер қомақты ақшалай жүлде үшін өмірге қауіпті жарысқа өзі қатысуға келісер ме едім деп ойлана бастаған.

    Оған тірі қалу үшін күресетін ойындар туралы манга да әсер еткен. Алайда мұндай туындыларда қатысушылар әдетте өте күрделі интеллектуалды, психологиялық және физикалық сынақтардан өтеді. Хван Дон Хёк өзі сияқты қарапайым адамның ондай жерде жеңіске жетуі екіталай екенін түсініп, әркімнің жеңуге мүмкіндігі болатын жарыс туралы ойлаған. Осылайша біртіндеп сериалдың тұжырымдамасы дүниеге келген.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →