Астанада дипломаттар арасындағы шахмат турнирінің жеңімпазы анықталды
Астанада дипломаттар мен халықаралық ұйымдар қызметкерлері арасындағы шахмат турнирі өтті. 43 қатысушының ішінен Польша елшілігінің әскери атташесі Славомир Кедзерски жеңімпаз атанды.
Фото: kazchess.kz
Астанада 14 қарашада дипломаттар мен халықаралық ұйымдар қызметкерлері арасындағы үшінші жылдық «Diplomatic Chess Cup 2026» шахмат турнирі өтті. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Жеке есептегі жарыс Coventry University Kazakhstan кампусында ұйымдастырылып, оған 14 елден және 11 халықаралық ұйымнан 43 қатысушы жиналды. Тақта басында елшіліктер мен консулдықтардың қызметкерлері, Еуропалық одақ делегациясының, БҰҰДБ, ДДҰ, АҚҰ, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің және АӨСШК хатшылығының өкілдері кездесті. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.
Партия қорытындысы бойынша жүлделі орындар былайша бөлінді:
- 1-орын – Славомир Кедзерски (Польша елшілігінің әскери атташесі);
- 2-орын – Марат Ибраимов (дипломат);
- 3-орын – Жамбыл Жұпархан (Алматыдағы Германия консулдығы қызметкерінің жұбайы);
- 4-орын – Әлімжан Ахметов (АӨСШК хатшылығының қызметкері);
- 5-орын – Нұрлан Жүмекин (Астанадағы АҚШ елшілігінің қызметкері).
Сонымен қатар ұйымдастырушылар арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздарды атап өтті:
- Әйелдер арасындағы үздік нәтиже – Лашын Жанарбек (ҚР СІМ жанындағы «Отандастар» қорының өкілі);
- Сеньорлар арасындағы үздік нәтиже (50 жастан асқандар) – Юрген Зайц (Алматыдағы Германия Бас консулдығының өкілі);
- Дипломатиялық өкілдіктердің бірінші басшылары арасындағы үздік нәтиже – елші Алхиасат Мутаз (АӨСШК хатшылығының өкілі).
«Бұл – Қазақстан шахмат федерациясының бастамасы. Шахмат әртүрлі ұлт өкілдерін біріктіретінін көріп отырмыз және турнирде достық пен құрмет атмосферасын құрғымыз келеді. Жыл сайын түрлі елдердің елшіліктері мен консулдықтары тарапынан қызығушылық байқаймыз. Олар шахматты жақсы көреді, ал тақта басында тек жарыспайды, сонымен қатар ортақ тіл табады», — деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Турнир жеңімпазы, Польшаның әскери атташесі Славомир Кедзерски жарысқа дайындық деңгейіне жоғары баға беріп, қазақстандық спортшылардың ілгерілеуін атап өтті.
«Қазақстанда мен біраз рейтингтік ұпайымнан айырылдым. Оларды қарсыластарыма сыйладым деуге болады. Әсіресе жастар осында мықты ойнайды. Меніңше, Қазақстанда шахмат өрлеу үстінде. Қазақстандық шахматшы қыздарды құттықтағым келеді. Олимпиадада қатарынан екі рет күміс жүлде алу – орасан зор табыс», — деді Славомир Кедзерски.
Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленов атап өткендей, университетте шахмат белсенді дамып, тұрақты түрде өз турнирлері өткізіледі, онда жеңімпаздар білім гранттарына ие болады.
«Қазірдің өзінде тұрақты ойнайтын студенттердің шешім қабылдауда өздерін сенімдірек сезінетінін және стратегиялық ойлауды қажет ететін міндеттерді жақсырақ шешетінін байқаймыз. Сондықтан университетте шахматты дамытып, мұндай турнирлердің бізде тұрақты өтуін қалаймыз», — деді Мирас Дәуленов.
Турнирді Қазақстан шахмат федерациясы мен ҚР Сыртқы істер министрлігі «Астана» дипломатиялық клубының, Freedom компаниялар тобының және Coventry University Kazakhstan қолдауымен ұйымдастырды.
