Мәдениет министрі «PARAQTA» платформасының негізін қалаушылармен кездесті
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушылармен кездесіп, жобаны дамыту жолдарын талқылады.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев «PARAQTA» онлайн кітапхана платформасының негізін қалаушы Ердәулет Аянұлымен және оның әпкесі Керім Аянқызымен кездесті. Кездесуде министр жас кәсіпкерлердің кітап оқуды насихаттауға бағытталған бастамасымен танысып, жобаны дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ердәулет Аянұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Оның айтуынша, министр «PARAQTA» платформасының жұмысына қызығушылық танытып, жастарды кітап оқуға көбірек тарту үшін қандай қолдау қажет екенін сұраған.
Кездесу барысында Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Атап айтқанда, министрліктің үйлестіруімен өтіп жатқан «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылды. Бүгінде reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам адам тіркеліп, қатысушылар 842 мыңнан астам кітап оқыған. Сонымен қатар оқырмандар кітаптан алған әсерлерімен бөлісіп, өзгелерді де кітап оқуға ынталандыратын 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.
Ердәулет Аянұлының сөзінше, «PARAQTA» – оқырманға кітапты бастап қана қоймай, оны соңына дейін оқып шығуға көмектесетін отандық платформа. Оның ерекшелігі – қағаз кітап оқу да жүйеде есепке алынады.

Қазіргі уақытта платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты аяқтаған. Сонымен қатар жоба аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.
Жоба іске қосылғанына бір жыл екі ай болған. Алты ай бұрын платформаның сайты ашылса, екі апта бұрын мобильді қосымшасы App Store дүкенінде қолжетімді болған.
Қазір жобаны дамытудағы негізгі қажеттіліктердің бірі – электронды кітап қорын толықтыру. Бүгінде платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылады. Алайда оқырмандар қосымшаның ішінде оқуға болатын кітаптардың санын арттыруды жиі сұрайды.
Кездесу барысында министрлік өкілдері кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге уәде берген. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі талқыланған.
Ердәулет Аянұлы министр Арман Қырықбаевқа және Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрмановаға жылы қабылдауы мен жобаға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.
