Тоқаев ҰҚШҰ елдерін қауіпсіздік мәселелерінде күш біріктіруге шақырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысып, терроризммен күрес, есірткі айналымы және ақпараттық қауіпсіздік бойынша күш біріктіруге шақырды.
Фото: akorda.kz
Мәскеуде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Саммитке Қазақстан басшысымен қатар Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков жиналды.

Мемлекет басшылары ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықтың негізгі аспектілерін талқылап, Ұйымның 2026 жылы атқарған қызметінің нәтижесіне баға берді. Сондай-ақ алдағы кезеңге арналған жұмыстың басты бағыттары айқындалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. Ол Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға өте нәтижелі төрағалық еткенін атап өтті.
Президент халықаралық терроризммен күрес, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелеріне тоқталды. Жасанды интеллект технологиясының ықпалы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттары бойынша күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне назар аударды.
Қазақстан президенті сөз соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық ететін Тәжікстанның көшбасшысы Эмомали Рахмонды құттықтап, осы жауапты миссияны атқаруда сәттілік тіледі.
Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылды.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаевтың ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барғаны туралы жазған едік.
