Австралиялық Hoofbeats журналы Тоқаевтың Ақжан биесі туралы мақала жариялады
Австралиялық Hoofbeats журналы Қазақстан Президентінің ат қорасындағы Ақжан атты ахалтеке биесі туралы мақала жариялады. Мұқабада Ақжан Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге бейнеленген.
Фото: Kazinform
Австралиялық Hoofbeats ат спорты журналы Қазақстан Президентінің ат қорасында күтіп-бапталатын Ақжан атты ахалтеке биесі туралы мақала жариялады. Басылымның қазан-қараша айларына арналған шығарылымының мұқабасында Ақжан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге бейнеленген.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Жарқыраған Ақжан» деп аталатын мақалада авторлар жас биенің тарихы, ерекше сыртқы келбеті және ахалтеке тұқымының Қазақстанның мәдениеті мен тарихи мұрасындағы орны туралы баяндайды.
Ғасырлар бойы қалыптасқан жылқы өсіру дәстүрі бар ел үшін жылқы – жай ғана жануар емес. Ұлы дала тұрғындарының сенімді серігі болған жылқы кең байтақ жерді игеруге көмектесіп, еркіндік, күш-қуат пен төзімділіктің символына айналды. Hoofbeats басылымының мақаласында осы тарихи сабақтастық Ақжанның бейнесі арқылы заманауи сипатта көрініс тапқан.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжанға ерекше қызығушылық танытады. Осындай айрықша жас жылқының өмірін көзден таса жерде мұқият бақылап, қамқорлыққа алғаны, ал оның танымалдығы ат қорасынан тыс жерлерде артып келе жатқанының өзі ерекше әсер қалдырады», – деп жазады басылым.
Австралиялық журнал ахалтеке жылқысына неге баса назар аударды? Ақжан 2025 жылғы 30 наурызда Астанада дүниеге келген. Мақала авторларының пікірінше, оның Қазақстаннан тыс жерлерде де танымал болуына ең алдымен ерекше сыртқы келбеті себеп болған. Мақалада Ақжанның сирек кездесетін изабелла түсті жүн жамылғысына айрықша назар аударылған. Күн сәулесі түскенде оның ашық түсті жүні металл немесе атлас тәрізді жылтырап көрінеді.
Алайда ахалтеке жылқыларының нәзік әрі сымбатты сыртқы келбетінің астарында күш пен ерекше төзімділік жатыр. Авторлардың пікірінше, дәл осы қасиеттердің үйлесімі тұқымды өзгелерден даралайды. «Сымбаттылық пен күштің үйлесімі» – Hoofbeats басылымы ғасырлар бойы Орталық Азияның қатал табиғи жағдайында қалыптасқан ахалтеке жылқыларына осындай сипаттама береді. Бұл қасиеттер Ұлы даланың рухын да айшықтайды. Өйткені мұнда ежелден тектілік, төзімділік және ұзақ қашықтықты еңсеру қабілеті жоғары бағаланған.
Ақжанды болашақта не күтіп тұр? Мақала авторлары жас биенің болашағы туралы да ой қозғайды. Алдағы уақытта Ақжан асыл тұқымды жылқы ретінде өсіріліп, жарыстарға қатысуы немесе халықаралық аренада ахалтеке тұқымын танытуы мүмкін. Дегенмен танымалдығы артып келе жатқанына қарамастан, Ақжанды болашақ жетістіктерге асықтырмайды. Басылымның атап өтуінше, қазір жас жылқының қалыпты дамуына уақыт беру маңызды.
Мақалада Ақжанның қазіргі Қазақстан үшін символдық мәніне де ерекше орын берілген. Авторлар бие мен Астананың арасында параллель жүргізеді. Елорда қарқынды дамып келе жатқанымен, Ұлы даланың тарихы мен дәстүрлерімен байланысын сақтап отыр. Hoofbeats басылымының пікірінше, Ақжан қазіргі елорданың өзіндік тірі символына айналған. Ескерткіштер мен сәулет нысандарынан айырмашылығы — бұл бейне өзгеріссіз қалмайды, керісінше, жылқының өзімен бірге дамып отырады.
«Ақжан өткен мен болашақтың бірін таңдайтын Қазақстанның бейнесі емес. Ол екеуін де өзімен бірге алып жүретін Қазақстанды бейнелейді», — делінген мақалада.
Мақала соңында авторлар елдің заманауи дамуы тарихи мұрадан бас тартуды білдірмейтінін атап өтеді. Керісінше, Ұлы дала дәстүрлері бүгінгі күнге дейін жалғасып, Қазақстанның заманауи мәдениетінен көрініс тауып келеді. «Ұлы дала заманауи қаланың астында жоғалып кеткен жоқ. Ол жай ғана жарқыраудың жаңа жолын тапты», — деп жазады Hoofbeats.
Hoofbeats журналы туралы не белгілі? Hoofbeats – жылқы, ат спорты және жылқы шаруашылығына арналған австралиялық мамандандырылған журнал. Басылым 1978 жылдың маусымында Перт қаласында негізі қаланған. Журнал екі айда бір рет жарық көреді және Австралия мен Жаңа Зеландияда таратылады. Сонымен қатар әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандарға цифрлық форматта қолжетімді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйікті тұлпары саналатын Ақжан атты ахалтеке жылқысы биыл тамызда алғаш рет далада серуендеп жүрген сәтінде камераға түсіп қалған болатын.
