Алматыда Меладзе концертінде тәртіп бұзған әйелдер жазаланды
Алматыда Валерий Меладзенің концертінде тәртіп бұзған үш әйел анықталып, екеуіне жаза тағайындалды. Бір әйел бес тәулікке қамаққа алынды, екіншісіне айыппұл салынды.
Сурет: Видеодан кадр
Алматыда ресейлік әнші Валерий Меладзенің 4 қарашада өткен концертінде тәртіп бұзған үш әйел анықталып, олардың екеуіне жаза тағайындалды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Концерт кезінде көрермендер арасында жанжал туындаған. Қауіпсіздік қызметкерлері жанжалға қатысқан әйелдерді концерт өтетін аумақтан шығарып жіберген. Полицияның мәліметінше, оқиғаға қарамастан концерт тоқтатылмай, қалыпты жағдайда жалғасқан.
Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысы бар үш әйелдің жеке басы анықталды. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары болып шыққан. Сот шешімімен бір әйел бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынса, екіншісіне қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін айыппұл салынды.
Ал Тараз қаласының тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған.
Сонымен қатар полиция әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде концерттің тоқтатылғаны туралы жалған ақпарат жарияланғанын анықтаған. Бұл жазбаны таратқан Instagram парақшасының иесі де табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған айыппұл салынған.
Полиция өкілдері қоғамдық тәртіпті бұзу және көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
