Ақтөбеде қаза тапқан әйелдің екі баласы балалар үйіне орналастырылды
Фото: Ашық дереккөз
Ақтөбеде неке сарайында бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан 26 жастағы әйелдің екі баласы балалар үйіне орналастырылды, деп Qazaqtoday.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиғадан кейін анасыз қалған екі бүлдіршін «Үміт» балалар үйіне жіберілген. Олардың әкесі әйелді өлтірді деген күдікпен қазір тергеу изоляторында отыр. Марқұм мен күдікті заңды некеде болмаған.
Ақтөбе облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасының мәліметінше, балалардың жағдайы мамандардың бақылауында. Алдағы уақытта олардың кімнің қамқорлығына берілетіні заң аясында шешіледі.
Айта кетейік, марқұм әйелдің тағы екі баласы бары белгілі болды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
