Нұрлан Өнербаев 65 жасқа толды
Белгілі әнші Нұрлан Өнербаев 65 жасқа толды. Оның өмірбаяны, еңбек жолы, орындаған әндері мен марапаттары туралы толық ақпарат.
Фото: instagram.com/onerbay_nurlan
Бүгін белгілі әнші Нұрлан Өнербаевтың туған күні. Ол 65 жасқа толды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Нұрлан Өнербаев 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қазақстан ауылында дүниеге келген. 1980 жылы М. Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын, ал 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолы 1980-1990 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында екінші пландағы актер, режиссердің көмекшісі, бас режиссердің көмекшісі және актер болып басталды. Осы жылдары «Ана — Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін сомдады. Сонымен қатар тағы 15 шақты спектакльде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді ойнады.

1990-1998 жылдары «Қазақ радиосында» диктор болды. 1996-1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 1998-2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі болды. 2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақ радиосының» бас директоры қызметтерін атқарды. 2007 жылы Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры болды. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды.
Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр.

Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан.
Ол «Астана», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 15 жыл» (2010) медальдарының, «Дарын» жастар сыйлығының (1995), «Мәдениет қайраткері» (2008) иегері.
