«Балам температурамен жатты»: Ақтауда дәрігермен жанжалдасқан ер адам мәлімдеме жасады
Фото: Видеодан скрин
Ақтауда балалар ауруханасының дәрігеріне шабуыл жасаған баланың әкесі жанжалдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оқиға 31 қазанда облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болған. Балалар хирургі Қанат Измаилов пен науқас баланың әкесі арасында жанжал шыққан. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өзін Шаншархан Абдухалим деп таныстырған азаматтың айтуынша, 19 қазанда баласының дене қызуы 39 градусқа көтеріліп, іші ауырған. Жедел жәрдем оны соқырішекке күдікпен ауруханаға жеткізген.
Әкесінің сөзінше, дәрігерлер баланы бірден жатқызбай, тек бірнеше сағаттан кейін қайта талдау алған соң ауруханаға қабылдаған. Ал келесі күні басқа хирург шұғыл операция жасау керегін айтқан.
«Менің балам түнімен 39 градус температурамен жатты. Таңертең сағат 08:30 шамасында басқа хирург келіп, ішін қарағаннан кейін бірден операция жасау керегін айтты. Балама операция жасалды, сәтті өтті. Аллаға шүкір, мен үшін ең бастысы баламның амандығы», – деді ол.
Оның айтуынша, операциядан кейін дәрігер Қанат Измаилов отбасына дөрекі сөйлеп, қоқан-лоқы көрсеткен. Ал 31 қазанда баласын қайтадан ауруханаға алып келгенде, дәрігердің мысқылдап сөйлегеніне ашуланып, арада жанжал туған.
Баланың ата-анасы алғашқы тексеру кезінде медициналық көмек неге кеш көрсетілгенін анықтап, дәрігерлердің әрекетіне заң аясында баға беруді талап етіп отыр. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.
