Ақтауда «Цифрлық модельдеу» бойынша республикалық конкурс өтті
Ақтауда сервис және қызмет көрсету саласы бойынша «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігінен республикалық конкурс өтіп, Шымкент колледжінің оқытушысы Алтынай Умербаева І орынды иеленді.
Сурет: ernur.kz
Ақтау қаласында сервис және қызмет көрсету саласы бойынша «Цифрлық модельдеу» құзыреттілігінен республикалық кәсіби шеберлік конкурсы ұйымдастырылды. Оған еліміздің 7 өңірінен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері қатысып, кәсіби білімдері мен практикалық дағдыларын сынға салды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қатысушылар цифрлық модельдеу бағытындағы біліктіліктерін және заманауи технологияларды қолдану шеберліктерін көрсетті. Байқау барысында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби деңгейлерін танытты.
Конкурс қорытындысы бойынша Шымкент Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Алтынай Умербаева үздік нәтижемен І орынды иеленіп, алтын медальмен марапатталды.
Бұл жеңіс – ұстаздың кәсіби біліктілігі мен үздіксіз ізденісінің, білім беру саласындағы тәжірибесі мен шеберлігінің жемісі. Сонымен қатар аталған жетістік Шымкент қаласының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білікті педагогтер даярлау мен олардың кәсіби әлеуетін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын айқындайды.
Республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен педагогтің жетістігі – қаладағы білім беру саласының мерейін арттыратын маңызды көрсеткіш.
