Түркі мемлекеттері басшыларына қазақ киіз үйі мен «Сақ аңшысы» мүсіні таныстырылды
Түркі мемлекеттері басшыларына Қазақстан павильонында киіз үй, сақтар мұрасы, «Сақ аңшысы» мүсіні және Орхон ескерткіштері таныстырылды.
Сурет: Ақорда
Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның ұлттық павильондары орналасқан алаңда бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігі, сан алуан мәдениеті мен бай рухани дәстүрі көрініс тапқан.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Қазақ киіз үйі Ұлы дала рухын және түркі дүниесінің ортақ тарихи тамырын бейнелейді. Президенттерге киіз үйдің безендірілуіне арқау болған ежелгі түркі өркениеті, соның ішінде сақтар мұрасы, халқымыздың табиғатпен үйлесімді өмір салты және заманауи Қазақстанның келбеті туралы мәлімет берілді.
Мемлекеттер басшыларының назарына қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін паш ететін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясы ұсынылды. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға көне түркі жазба мәдениетінен мол мағлұмат беретін Орхон ескерткіштері көрсетілді.
