Астанада автобустың қатысуымен сұмдық оқиға тіркелді (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин
Астанада қоғамдық көлік жаяу жүргінші қызды қағып кетті. Жол апатынан қыз бен автобустың үш жолаушысы жарақат алды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Оқиға орнынан түсірілген видео Astanovka98 Telegram-арнасында жарияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз жолға кенеттен жүгіріп шыққан. Куәгерлердің сөзінше, зардап шеккен қыз ауыр жағдайда жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасы 28 қазанда болған. IVECO маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі Байтұрсынов көшесімен келе жатып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Полицияның мәліметінше, автобус күрт тежелген кезде салонда отырған үш жолаушы да жарақат алған.
«Жаяу жүргінші мен үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
