Тоқаев пен Ердоған Қазақстан-Түркия қатынастарының болашағын талқылады
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен барып, Режеп Тайип Ердоғанмен келіссөз жүргізді. Екі ел стратегиялық серіктестікті нығайтуды талқылады.
Фото: akorda.kz
Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы президент сарайында салтанатты түрде қарсы алды. Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған келіссөз жүргізді.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Мемлекет басшысының келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзді. Президент кортежін сарайға салт атты гвардия бастап кірді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалды, зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды.

Екі ел көшбасшылары Құрмет қарауылы алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқаны үшін Түркия президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады. Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады.
“Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударылды”, – делінген Ақорданың хабарламасында.
Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Еске салсақ, осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен барғанын жазғанбыз.
