«Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық»: Тоқаев кәсіпкерлер қандай кедергілерге тап болып отырғанын айтты
Фото: istockphoto.com
Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдау арнаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Бұл сөзіне дәлел ретінде президент қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болып отырғанын, тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар екенін ашық айтты.
«Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек. Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз. Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз», — деді Тоқаев.
Яғни, президенттің айтуынша, бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау дегеніміз мемлекетке қарсы жасалған қылмыс.
«Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады», — деді Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін президент Жаңа жылдан бастап шағын кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жариялау туралы сөз қозғады.
