Жасанды интеллект: адамзат мүмкіндіктерін кеңейту мен қауіптер арасындағы тепе-теңдік
Жасанды интеллект адамзат мүмкіндіктерін кеңейтеді, бірақ жұмыс орындарының қысқаруы мен қауіпсіздік қатерлерін туғызады. Сарапшылар тепе-теңдік қажет дейді.
Сурет: turkystan.kz
Мамандар жасанды интеллектіні адамзаттың мүмкіндіктерін кеңейтетін негізгі технологиялардың бірі санайды. Ол қазірдің өзінде өнеркәсіпте, білім беру мен ғылымда, қауіпсіздік және қорғаныс салаларында кеңінен қолданылып келеді. Медицинада жаңа дәрілерді әзірлеуді жеделдетіп, ауруларды диагностикалауға көмектеседі.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Футуролог Рэй Курцвейл болашақта адам мен технология арасындағы шекара біртіндеп жойылып, адамның интеллектісі жасанды интеллектімен тұтасып кетуі мүмкін деп есептейді. Оның болжамынша, 2045 жылға қарай адам мен ЖИ толық бірігіп, адамның ақыл-ой мүмкіндіктері миллион есе артуы ықтимал.
Алайда жасанды интеллектінің дамуы бірқатар қауіппен де байланысты. Солардың бірі – жұмыс орындарының қысқаруы. БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебінде адамзат дамуының жаһандық индексі алдыңғы жылдардағы болжамдарға қарағанда баяу өсіп жатқаны айтылған. Есеп авторлары ЖИ-ді тек еңбек өнімділігін арттыратын және адам еңбегін автоматтандыратын құрал ретінде қарастыру технологиялық дамудың игілігін қоғамның кең бөлігінің көруіне кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертеді.
Құжатта жасанды интеллектіні адамға бәсекелес емес, оның мүмкіндіктерін толықтыратын серіктес ретінде қолдану жолдары да қарастырылады. Бұл үшін технологияны дамыту барысында адамның мүддесі мен қоғамның қажеттіліктерін басты назарда ұстау маңызды.
ЖИ-дің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық та артып келеді. 2026 жылғы қыркүйекте Anthropic компаниясының басшысы Дарио Амодей әзірлеушілерді жасанды интеллектінің даму қарқынын баяулатуға шақырды. Оның пікірінше, технология тым жылдам дамып келеді, ал мұндай қарқын оның ықтимал қауіптерін бағалап, жүйелерді бақылауда ұстауды қиындатуы мүмкін.
Жасанды интеллект кибершабуылдар мен биотерроризм сияқты қатерлерге пайдаланылуы ықтимал. Бұған қоса, ЖИ жүйелері одан да жетілдірілген жасанды интеллектіні әзірлеуге қатыса бастады. Амодей мұндай үдеріс күрделі жүйелердің қалай жұмыс істейтінін толық түсіну және оларды бақылау мүмкіндігін жоғалту қаупін күшейтуі мүмкін деп алаңдайды.
Осылайша, жасанды интеллект бір жағынан медицинадан бастап ғылымға дейінгі салаларда адам мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашса, екінші жағынан еңбек нарығы мен қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер туғызады. Сондықтан басты мәселе технологияны қаншалықты жылдам дамытуда ғана емес, оның пайдасын қоғамға жеткізіп, ықтимал қауіптерін қалай басқаруда болып отыр.
