Алматыда Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарын тазарту акциясы өтті
Алматыда Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарын тазарту бойынша ауқымды экологиялық акция өтті. Іс-шараға әкімдік, ұлттық парк қызметкерлері, еріктілер мен табиғат жанашырлары қатысты.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі
2026 жылы 25 қазанда Алматыда Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарын тазартуға бағытталған ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға әкімдік пен ұлттық парк қызметкерлері, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер және табиғат жанашырлары қатысты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Акцияның негізгі мақсаты – табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартумен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, Алматының бірегей табиғатын сақтауда тұрғындар мен туристердің жеке жауапкершілігін арттыру.
Тау шатқалдары – қаладағы туристер ең көп баратын орындардың бірі. Туристер саны артқан сайын қоршаған ортаға түсетін жүктеме де көбейеді. Тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілгенімен, кейбір келушілер қоқыс жинамай кетіп, табиғи аумақтарды ластап, экожүйеге зиян келтіруін жалғастырып келеді.
Таулардың тазалығын сақтау – коммуналдық және табиғат қорғау қызметтерінің ғана емес, әрбір келушінің де жауапкершілігі. Адамдар табиғатқа жанашырлық танытпаса, тіпті ауқымды экологиялық акцияның өзі бұл мәселені шеше алмайды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы қаласының Полиция департаменті таулы аумақтарды бақылау мен патрульдеу шараларын күшейтті. Тазалықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және экологиялық бақылауды күшейту жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
Алматы тауларының тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Табиғат аясында демалуға келген әрбір адам қоқыс қалдырмай, қоршаған ортаға ұқыпты қарау сынды қарапайым қағиданы ұстануға тиіс.
