Петропавл – Көкшетау тасжолындағы апаттан қаза тапқандар саны төртке жетті
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл – Көкшетау тасжолында болған жол апатынан қаза тапқандар саны төртке жетті. Ауруханада 57 жастағы балабақша тәрбиешісі көз жұмды.
Сурет: Видеодан скриншот
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл – Көкшетау тасжолында болған жол апатынан тағы бір адам көз жұмды. Қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны төрт адамға жетті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Бұған дейін 15 қазанда Кременчуг ауылы маңында үш жеңіл көлік пен екі КамАЗ жүк көлігі соқтығысқаны хабарланған еді.
Жол апаты салдарынан Audi көлігінде болған үш әйел – балабақша директоры мен екі тәрбиеші оқиға орнында немесе алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болған. Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы медициналық мекемеге жеткізілген.
Qazaqstan Media мәліметінше, бүгін ауруханада 57 жастағы балабақша тәрбиешісі көз жұмды. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға бар күшін салған.
Әйелге алты сағатқа созылған күрделі ота жасалып, кейін өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
