Меккеде «әдепсіз әрекет жасааған» ерлі-зайыпты өлім жазасына кесілді
Сауд Арабиясы Меккедегі мешітте «әдепсіз әрекет жасады» деп айыпталған Бангладештің екі азаматын — ер адам мен әйелді өлім жазасына кесті. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Сауд Арабиясы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, үкім 14 қазанда орындалған. Елдің Жоғарғы соты өлім жазасы туралы шешімді күшінде қалдырып, король оны орындауға рұқсат берген. Алайда билік сотталғандардың нақты қандай әрекет жасағанын жарияламады.
Бангладеш үкіметі өз азаматтарының өлім жазасына кесілгенін тек үкім орындалғаннан кейін ғана білген. Осыған байланысты елдің Сыртқы істер министрлігі Сауд Арабиясының билігіне ресми сауал жолдап, істің мән-жайы мен сот процесіне қатысты толық ақпарат сұратқан.
Бангладеш тарапы жауап алғаннан кейін келесі қадамдарды, соның ішінде марқұмдардың мәйіттерін елге қайтару мәселесін қарастыратынын мәлімдеді.
