Медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы заң жобасы талқыланды
Құрылтай депутаты Дана Медеуованың бастамасымен әзірленген медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі
Құрылтай депутаты Дана Медеуованың бастамасымен әзірленіп жатқан «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Жиында заң жобасын дайындаудың негізгі бағыттары айқындалып, медицина қызметкерлерінің еңбекақысына қатысты мәселеге айрықша көңіл бөлінді.

Заң жобасының басты мақсаты – халықтың денсаулығын сақтау және нығайту, медициналық көмектің сапасын арттыру мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін нығайту, олардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ пациенттердің мүддесі үшін кәсіби қызмет атқаруға лайықты жағдай жасау көзделіп отыр.

Отырысқа Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков, Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбеков, Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, Әділет вице-министрі Айдар Жарылғанов, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев, Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Асылбек Мусралинов, сондай-ақ медициналық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Жұмыс тобының отырысына қатысқан мемлекеттік органдардың өкілдері жаңа заң жобасының тұжырымдамасына оң қорытынды берді. Келесі отырысты келіп түскен ұсыныстар пысықталғаннан кейін өткізу жоспарланып отыр.
