Ұлттар лигасы: Қазақстан Астанада Молдоваға 1:2 есебімен жол берді
Ұлттар лигасы аясында Қазақстан құрамасы Астана Аренада Молдовадан 1:2 есебімен жеңілді. Үш матчтан кейін ұлттық құрамада 1 ұпай бар.
Фото: kff_team
Ұлттар лигасы аясындағы өз алаңындағы алғашқы кездесуде Қазақстан ұлттық құрамасы Молдовадан 1:2 есебімен жеңілді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Астана Аренада өткен матчтың алғашқы минуттарынан бастап екі команда да басымдық танытуға ұмтылды. Қазақстандық футболшылар қарсылас қақпасына бірнеше рет қауіп төндіргенімен, есепті алғаш ашқан Молдова құрамасы болды. Бірінші таймның соңғы минутында Ники Клешченко гол соғып, қонақтарды алға шығарды.
Екінші тайм басталған соң Молдова есеп айырмасын ұлғайтты: 50-минутта Петру Попеску Қазақстан қақпасына екінші голды соғып, есепті 2:0-ге жеткізді.
Есеп айырмасы ұлғайғанына қарамастан, ойыншыларымыз берілмей, шабуылды күшейтті. Нәтижесінде 64-минутта Нұралы Әліп гол соғып, есеп айырмасын қысқартты.
Екінші таймның соңына дейін қазақстандық футболшылар есепті теңестіруге бар күшін салды. Алайда Молдова құрамасы қорғаныста сенімді ойнап, кездесуде жеңіске жетті.
Айта кетейік, Ұлттар лигасында өткізген үш матчтан кейін Ұлттық құраманың еншісінде небәрі 1 ұпай бар.
