Петропавлда тұрғындар қауіпті жолға дабыл қақты
Фото: видеодан алынды
Петропавлдағы Парковая көшесінің тұрғындары үйден шыққан бойда көлік көп жүретін жолға тап болатынын айтып, қауіпсіздік мәселесін көтерді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Олардың сөзінше, бұл аумақта қауіпті бұрылыстар мен жүргізушіге жолды толық көруге кедергі келтіретін тұстар бар. Тұрғындар әсіресе балалар үшін алаңдайтынын, жылдам келе жатқан көлік қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін айтады.
Сондықтан олар үйдің алдына көліктің жылдамдығын төмендететін жасанды жол кедергісін орнатуды сұрап отыр.
Мәселе бұған дейін де әлеуметтік желіде көтерілгенімен, тұрғындар әзірге нақты нәтиже көрмегенін жеткізген. Енді олар жауапты мекемелерден жол қауіпсіздігіне қатысты нақты шара қабылдауды күтеді.
