Almaty SuperSki жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады
Алматыда тау инфрақұрылымының болашағы талқыланды. Бұл жолы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Almaty SuperSki жобасы студенттер, ғалымдар, спортшылар және қоғам өкілдерінің қатысуымен сөз болды. Кездесуде Көк-Жайлаудың келешегі, таудың қала тұрғындарына қолжетімді болуы, табиғатты сақтау және тау кластерін дамыту жастарға ашатын мүмкіндіктер талқыланды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Almaty SuperSki жобасының тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, жобаның негізгі мақсатының бірі — тауды Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жақын әрі қолжетімді ету. Әңгіме тек шаңғы спорты туралы емес, белсенді демалыстың жаңа мәдениетін қалыптастырып, тауға жиі баруға мүмкіндік жасау жөнінде де болып отыр.
Кездесуде экология мәселесі де кеңінен талқыланды. Ұсынылған мәліметке сәйкес, курорт аумағы 1 022 гектарды немесе ұлттық парк аумағының шамамен 0,5 пайызын қамтиды. Бұл жерлерді ұлттық парк құрамынан шығару жоспарланбаған: аумақ ерекше қорғалатын табиғи жер мәртебесін сақтауы тиіс. Ал тау ауылы шамамен 20 гектар жерді алып жатады.
Жобаға ғылыми-экологиялық бағыт та енгізілген. Аумақта метеостанция мен ғылыми зертхана, сондай-ақ Іле-Алатауының табиғатына арналған білім беру кеңістігін құру жоспарланып отыр. Осылайша, тау аумағы демалыс орны ғана емес, табиғи ортаны зерттеп, ол туралы білімді кеңінен насихаттайтын алаң ретінде қарастырылған.
Кездесу жобаның таныстырылымымен шектелген жоқ. Талқылауға Альпинизм және құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов, биология ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Ахтаева, қоғам өкілдері мен студенттер қатысты.
«Бүгін бас қосқанымызға қуаныштымын. Бұл — біз үшін өте маңызды тақырып, яғни тауды дамыту мәселесі. Ал тауды дамыту туралы сөз болғанда, мен үшін ең маңызды қағида — қала адамдар үшін дамуы керек. Бұл — басты қағида», — деді Альпинизм және құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов.
ҚазҰУ Ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Ахтаеваның айтуынша, жобаны жүзеге асыру Көк-Жайлау экожүйесіне қауіп төндірмейді.
«Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алғашқы зерттеулердің қорытындысы бойынша, Almaty SuperSki жобасы Көк-Жайлау экожүйесіне кері әсер етпейтіні анықталды», — деді Нұрсұлу Ахтаева.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты жастарға арналған. Алматы мектеп оқушыларына шаңғы тебуді үйрететін сабақтар өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Жоба авторлары тау инфрақұрылымын дамыту спорт пен туризмнен бастап инженерия мен заманауи тау нысандарына қызмет көрсетуге дейінгі жаңа кәсіби бағыттарды қалыптастырады деп үміттенеді.
Кездесу барысында Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Ақежан Кеңесов Jana lep жастар қозғалысының құрылғанын айтып, қала болашағына бейжай қарамайтын жастарды оған қосылуға шақырды.
«Мен Алматының болашағына бейжай қарай алмаймын. Бұл жобаны қолдаймын. Жастар қала дамуына қатысты өз пікірін білдіріп, бастамаларға белсенді қатысқаны маңызды. Jana lep жастар қозғалысы құрылды. Алматының болашағына үлес қосқысы келетін жастарды бізге қосылуға шақырамын», — деді Ақежан Кеңесов.
Кездесудің ең қызу бөлігі ашық пікірталас болды. Студенттер Көк-Жайлаудың болашағы, жобаның экологиялық қыры, таудың қолжетімділігі және Almaty SuperSki қаланың өзі мен жас ұрпаққа қандай мүмкіндік беретіні туралы сұрақтар қойды.
Жалпы, әңгіме жаңа тау шаңғысы курортын талқылаудан әлдеқайда кең өрбіді. Алматы тауларының болашағы, оларды халыққа қолжетімді ету, заманауи инфрақұрылым мен туризмді дамыту және табиғи аумақты келер ұрпақ үшін сақтау мәселелері сөз болды.
