Діни экстремизмнен сақтану – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарты
Қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігі – кез келген мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы тұрғыдан алғанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып саналады, деп саралайды Qazaqtoday.info.
Діни экстремизм – діннің негізгі құндылықтарын бұрмалап, қоғамда радикалды көзқарастарды таратуға, өзге пікірді қабылдамауға, азаматтарды заңсыз әрекеттерге тартуға бағытталған қауіпті идеологиялық құбылыс. Ал терроризм – адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоғамның қауіпсіздігіне және мемлекеттің тұрақтылығына тікелей қатер төндіретін қылмыстық әрекет.
Бұл екі құбылыстың арасында байланыс болуы мүмкін. Радикалды идеология адамның дүниетанымына әсер етіп, оны қоғамнан оқшаулауға, заң талаптарын мойындамауға және ақырында зорлық-зомбылықты ақтауға алып келуі ықтимал. Сондықтан экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің ең тиімді бағыттарының бірі – қауіптің алдын алу және азаматтардың діни сауаттылығын арттыру.
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Конституция азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен бірге діни сенім бостандығы заң талаптарын бұзуға немесе зорлық-зомбылықты насихаттауға негіз бола алмайды. Қазақстан аумағында діни бірлестіктердің қызметі қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асырылады.
Радикалды идеология қалай таралады?
Қазіргі кезеңде экстремистік идеялардың таралу арналарының бірі – интернет пен әлеуметтік желілер. Анонимді парақшалар, күмәнді бейнематериалдар, жалған діни түсіндірмелер және эмоцияға әсер ететін жарияланымдар адамның санасына біртіндеп ықпал етуі мүмкін.
Әсіресе жастардың ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай білуі маңызды. Діни мәселеге қатысты кез келген ақпаратты әлеуметтік желідегі белгісіз парақшадан қабылдай салмай, оның дереккөзін тексерген жөн. Діни мәселелер бойынша білікті теологтар мен дінтанушылардың пікіріне, ресми ақпарат көздеріне жүгіну қажет.
Радикалды топтар адамның әлеуметтік немесе психологиялық қиындықтарын да өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін. Сондықтан отбасы мүшелері мен жақын адамдардың арасындағы ашық қарым-қатынас, өзара сенім және дер кезінде қолдау көрсету – алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі.
Қауіптен қалай сақтануға болады?
Біріншіден, діни сауаттылықты арттыру қажет. Дін мәселесінде үстірт немесе әлеуметтік желіден алынған ақпаратқа емес, сенімді әрі кәсіби дереккөздерге сүйенген дұрыс.
Екіншіден, адамның отбасынан, достарынан және қоғамнан оқшаулануына шақыратын, өзге адамдарды жек көруге үндейтін кез келген идеологияға сақтықпен қарау керек.
Үшіншіден, күмәнді діни уағыздар мен материалдарды таратпау маңызды. Интернетте экстремистік мазмұндағы ақпаратқа тап болған жағдайда оны әрі қарай таратуға болмайды.
Төртіншіден, жақын адамның радикалды идеологияның ықпалына түсу белгілері байқалса, мәселені ушықтырмай, мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Алматы қаласында діни экстремизмнің алдын алу және радикалды идеология ықпалына түскен азаматтарға кеңес беру бағытында арнайы мамандар жұмыс істейді.
Мемлекет қандай жұмыстар атқарып жатыр?
Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жүйелі түрде жүргізіледі. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып, ақпараттық-түсіндіру, дінтану сараптамасы, оңалту және интернет кеңістігіндегі профилактика бағыттарында жұмыс жүргізеді.
Мәселен, 2025 жылдың алғашқы алты айында еліміз бойынша 40 мыңнан астам түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, оған 1,5 миллионнан астам адам қатысты. Осы кезеңде интернет кеңістігін мониторингтеу барысында экстремистік мазмұндағы 10 852 материал анықталып, оның 3 126-сы жойылған.
Алматы қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Қала Дін істері жөніндегі басқармасының мәліметінше, өткен жылдан бері 500-ден астам кездесу мен сұхбат өткізіліп, 60 мыңға жуық адам қамтылған. Әсіресе мектеп, колледж және жоғары оқу орындарындағы жастармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына басымдық берілген.
Сонымен қатар Алматыда экстремистік сипаттағы діни ағымдардың ықпалына түскен азаматтарға теологтар мен психологтар тарапынан кеңес беру және оңалту көмегі көрсетіледі.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – отбасы, білім беру ұйымдары, діни бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары және жалпы қоғам болып атқаратын ортақ жұмыс. Діни сауаттылықты арттыру, ақпаратты саралай білу, заң талаптарын сақтау және өзара құрмет пен келісімді нығайту арқылы ғана радикалды идеологияның таралуына тиімді тосқауыл қоюға болады.
Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Коллаж: ашық дереккөз
