«Ажарлы Алматы» байқауы: 168 жұмыстың үздігі анықталды
Алматыда «Ажарлы Алматы» республикалық байқауы қорытындыланып, 168 жұмыстың ішінен үздіктер анықталды. Бас жүлде Нұрболат Асқарға бұйырды.
Алматыда тұңғыш рет кәсіби суретшілер арасында өткен «Ажарлы Алматы» республикалық байқауы мәреге жетті. Дода қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Шығармалар 7 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында қабылданып, еліміздің түкпір-түкпірінен 168 туынды келіп түсті. Алғашқы іріктеуден кейін 109 жұмыс келесі кезеңге жолдама алды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 10,5 млн теңгені құрады.
16 қыркүйекте Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Алматы Галереясында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтіп, қорытынды көрме ашылды.
«Бұл байқау Алматы қаласының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдының бастамасы және тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды. Алматы әрдайым мәдениет пен өнердің орталығы болып келді. Қаламыздың сұлулығын, өзіндік келбеті мен тыныс-тіршілігін шығармаларына арқау етіп, бар шеберлігін көрсеткен суретшілерге алғыс айтамын. Баршаңызды Қала күнімен құттықтаймын!» – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.
Додаға Қазақстанның барлық өңірінен кәсіби суретшілер қатысты. Туындыларды суретшілер, өнертанушылар, мәдениет саласының мамандары, музейлер мен галерея өкілдерінен құралған қазылар алқасы сарапқа салды. Бағалау барысында орындау техникасы, туындының көркемдік құндылығы, идеяның бірегейлігі, мазмұны мен композициясы назарға алынды.
Бас жүлде мен бірінші орын «Алматы – қиял әлемі» жұмысының авторы Нұрболат Асқарға бұйырды.
Екінші орынды «Ару қала» туындысын ұсынған Нұрлан Қилыбаев пен «Бабье лето» жұмысының авторы Максим Ведерников өзара бөлісті.
Үшінші орын «После дождя, вечерний город» жұмысымен Жалғас Тілеуқабылға және «Алматының ақ таңы» туындысымен Құмар Омарханға берілді.
Сонымен қатар тағы бес суретші алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Олар: Қанат Шүкірбеков, Дәуренбек Бекназаров, Светлана Цой, Ақбота Әмірова және Мұхтар Бегенов.
Қорытынды көрмені Алматы Галереясынан 23 қыркүйекке дейін тамашалауға болады. Мекенжайы: Достық даңғылы, 44.
Бұған қоса, 19-20 қыркүйекте байқаудың үздік жұмыстары Қала күніне арналған мерекелік бағдарлама аясында Абай алаңында көпшілік назарына ұсынылады.
