Негізгі мазмұнға өту
Жұма, 11 қыркүйек 2026 $ 455,6 530,2 5,36
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ

    Мүгедектігі бар адамдарға қанша жәрдемақы төленеді?

    Мүгедектігі бар адамдарға қанша жәрдемақы төленеді?

    Фото: depositphotos.com

    Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың бірнеше тетігі қарастырылған. Мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек, әлеуметтік төлемдер мен еңбек жарақаты немесе кәсіптік ауруға байланысты сақтандыру төлемдерін алуға болады. Төлемнің түрі мен мөлшері мүгедектіктің себебіне, әлеуметтік аударымдардың жүргізілуіне және заңнамада белгіленген талаптарға байланысты анықталады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бас сарапшысы Гүлмира Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

    Мүгедектік тобына қарай қанша жәрдемақы төленеді? Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен оның белгілену себебіне қарай белгіленеді. Жалпы ауруға байланысты мүгедектігі бар адамдарға ай сайын:

    I топқа – 111 873 теңге;

    II топқа – 89 498 теңге;

    III топқа – 61 022 теңге төленеді.

    Сонымен қатар, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға және 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға күтім жасайтын азаматтарға жеке мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.

    Қанша адам мүгедектік бойынша жәрдемақы алады?

    Қазіргі таңда Қазақстанда 544 мыңнан астам мүгедектігі бар адам мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен қамтылған. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірлік жағдайына қарай әлеуметтік төлемдер мен зейнетақының басқа да түрлері қарастырылған.

    Төлемдерді қалай алуға болады?

    Мүгедектік бойынша төлемдерді ХҚКО арқылы, eGov.kz порталы арқылы немесе проактивті форматта алуға болады. Проактивті форматта мүгедектік белгіленгеннен кейін азаматқа жәрдемақы тағайындауға келісім беру туралы SMS-хабарлама жіберіледі. Төлемді алу үшін азамат хабарламаға жауап беріп, өз келісімін растауы жеткілікті.

    Қажетті мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Бұл азаматтың жеке жүгінуін және қажетті құжаттарды жинау қажеттілігін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →