Түркістан облысынан шақырылған 19 жастағы сарбаз үйіне ауыр жағдайда оралды
Түркістан облысынан шақырылған 19 жастағы сарбаз үйіне ауыр жағдайда оралды. Қорғаныс министрлігі оның 2025 жылдың қарашасында медициналық тексеруден өткенін, кейін емделіп, әскери қызметтен босатылғанын мәлімдеді.
Сурет: Ашық дереккөз
Түркістан облысынан әскерге шақырылған 19 жастағы жігіт әскери борышын өтеп, үйіне ауыр жағдайда оралды. Туыстары оның қазір өздігінен жүріп-тұра алмайтынын жеткізіп, сарбаздың дер кезінде емделмегеніне алаңдаушылық білдірді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Әскери қызметшіге қатысты ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Жақындарының айтуынша, сарбаздың денсаулығына байланысты шағымдары болғанымен, ол уақытында тиісті медициналық көмекке жіберілмеген.
Осы жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 19 жастағы азамат 2025 жылдың қарашасында мерзімді әскери қызметке шақырылған кезде медициналық тексеруден өткен. Сол кезде ол денсаулығына қатысты шағым айтпаған. Әкімдік жанындағы медициналық комиссияның қорытындысы бойынша жас жігіт әскери қызметке жарамды деп танылған.
Сондай-ақ ведомство сарбаз қызмет барысында денсаулығына шағымданғаннан кейін тиісті медициналық тексеруге уақытылы жіберілгенін мәлімдеді. Ол ауруханаға жатқызылып, қажетті ем қабылдаған.
«Жан-жақты тексеру барысында буындардың туа біткен патологиясымен қатар, зәр шығару жүйесіне қатысты қосымша аурулар анықталды», – деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Осы аурулардың жиынтығына байланысты сарбаз әскери-дәрігерлік комиссияның қарауына ұсынылған. Комиссия оны әскери қызметке жарамсыз деп таныған. Нәтижесінде жас жігіт денсаулық жағдайына байланысты белгіленген тәртіппен әскери қызметтен босатылған.
