Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 10 қыркүйек 2026 $ 454,0 528,1 5,29
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Өндірістің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі: «Қазақмыс» жабдықтарды жоспарлы жөндеуден өткізуде Биыл төселген асфальтты қайта жамап жатыр: Атырау–Орал тасжолының сапасына күмән туды Құрылтай регламенті қабылданды: заң жобалары үш оқылымда қаралады Рыбакина US Open-тегі тарихи жеңісі туралы пікір білдірді Apple алғашқы бүктемелі iPhone Duo смартфонын таныстырды «Адамның аузы бармайтын әрекеттер жасайды»: депутат «треш-стримингтерді» заңмен тыюды сұрады Өндірістің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі: «Қазақмыс» жабдықтарды жоспарлы жөндеуден өткізуде Биыл төселген асфальтты қайта жамап жатыр: Атырау–Орал тасжолының сапасына күмән туды Құрылтай регламенті қабылданды: заң жобалары үш оқылымда қаралады Рыбакина US Open-тегі тарихи жеңісі туралы пікір білдірді Apple алғашқы бүктемелі iPhone Duo смартфонын таныстырды «Адамның аузы бармайтын әрекеттер жасайды»: депутат «треш-стримингтерді» заңмен тыюды сұрады

    «Адамның аузы бармайтын әрекеттер жасайды»: депутат «треш-стримингтерді» заңмен тыюды сұрады

    «Адамның аузы бармайтын әрекеттер жасайды»: депутат «треш-стримингтерді» заңмен тыюды сұрады

    Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

    Бүгін Құрылтай отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желіде тікелей эфир өткізіп, содан ақша табатын тұлғаларға қатысты заңды қатаңдату керек деген бастама көтерді. Өйткені, депутаттың пайымынша, тікелей эфирдің көбі қазір былапыт сөз бен ұятсыз әрекеттерге толып кеткен, деп жазады Qazaqtoday.info.

    «Бүгінде әлеуметтік желілер қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Миллиондаған адам күн сайын TikTok, Instagram және басқа платформаны пайдаланады. Тікелей эфирлердің де аудиториясы өсіп келеді. Бұл – цифрлық дамудың бір көрінісі. Бірақ оның көлеңкелі тұсы да бар. Тікелей эфирде балағат сөз айту, адамды қорлау, ар-намысына тию, қауіпті пранктер ұйымдастыру жиілеп барады. Стримерлердің кейбірі мұны әдейі жасайды. Себебі дөрекі әрі арандатушы контент көп қаралым жинайды. Ал қаралым лайк пен донатқа, кейде жарнамадан түсетін табысқа ұласады», — дейді Жарқынбек Амантайұлы.

    Осылайша, депутат баса назар аударғандай, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналады. Оның айтуынша, «Әділет» партиясы сайлауалды науқанда, аймақтарды аралағанда халық та бұл мәселені жиі қозғаған көрінеді.

    «Ішкі істер министрлігі мұндай фактілер бойынша таяуда бірнеше нақты шара қабылдады. Құқыққа қайшы осындай контент таратқан бірқатар әлеуметтік желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл – мәселенің бар екенін көрсететін нақты дерек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның ортақ құндылығына айналдыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Бұл қағидат жаңа Конституцияның негізгі талаптарының біріне айналды. Ендеше заң мен тәртіптің талабы цифрлық кеңістікте де бірдей қатаң әрі нақты орындалуы керек. «Әділет» партиясы осыған ерекше мән береді», — деді Амантайұлы депутаттық сауалын жариялай отырып.

    Яғни, осы айтылғандарды ескерсек, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барған сайын коммерциялық сипат алып келе жатқанын байқауға болады. Ең өкініштісі, сол тікелей эфирлер арқылы жастар, кейде тіпті балалар жаман контент көруге мәжбүр болады.

    «Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге баруы да жиілей түскен. Ал, мұны бір уақытта әртүрлі жастағы (кәмелетке толған, толмаған) мыңдаған адам көріп отыруы мүмкін», — дейді ол.

    Бұл ретте депутат Қытайда жүріп пранк жасаған Қазақстан азаматының жауапкершілікке тартылғанын, яғни, әлем елдері бұндай заңсыздыққа қатаң жаза қолданатынын атап өтті.

    «Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек», — деп санайды Жарқынбек Амантайұлы.

    Осыларды айта келе ол Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ішкі істер министрлігінен мына мәселелерді реттеуді сұрады:

    • «Треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді;
    • TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыруды;
    • азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығару,
    • ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғаудың тетіктерін күшейтуді;
    • Тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізудің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беруді;

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →