Негізгі мазмұнға өту
Жексенбі, 6 қыркүйек 2026 $ 455,7 529,4 5,26
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Қазақконцерт 66-маусымын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арнады

    2026 жылы Қазақконцерт 66-маусымын салтанатты түрде ашты. Маусым Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналды. Концертте ұлттық музыка мен классикалық шығармалар орындалды.

    Қазақконцерт 66-маусымын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арнады

    Фото: Қазақконцерт

    2026 жылғы 5 қыркүйекте елордадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 66-концерттік маусымының салтанатты ашылуын өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Биылғы маусым қазақ кәсіби музыка өнерінің көрнекті өкілдері – композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына арналды. Бұл туралы turkystan.kz сайты хабарлады.

    Маусымның алғашқы кешінде ұлттық музыка, опера, дәстүрлі ән-күй, классикалық және эстрадалық шығармалар тоғысқан мол бағдарлама ұсынылды. Концерт Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауында Ахмет Жұбановтың «Абай» операсындағы «Би сюитасымен» басталды. Сонымен қатар қазақ операларынан құрастырылған попурри, «Алтын арқа», «Ән шашу», «Заман», «Сарыарқа», «Қарлығаш» сынды танымал туындылар орындалды.

    Мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің басшылығы арнайы қатысып, өнер ұжымдары мен әртістердің өнерін тамашалады.

    Кеште Алматы филиалының әртістері – Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағанбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова өнер көрсетті.

    Сондай-ақ сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Серік Еркімбеков, Айгүл Елшібаева, Ерболат Шалдыбеков, Нұрболат Арзамас және Айзат Қарабек, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Капонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Азат Мәлік пен Асқар Мұқият, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтыншаш Мұқатаева, мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Аллабиринов, Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Біржан Айтахмет, Ербол Тәжібаев пен Меруерт Желдібаева, Нұрай Шеру және тағы басқа өнерпаздар өнер көрсетті.

    Бағдарламаға Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, G-band тобы және «Birlik» би ансамблі қатысты. Концерттің шымылдығы барлық қатысушылар орындаған Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнімен түрілді. Соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан ықылас гүлі ұсынылды.

    Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдық мерейтойына арналған концерттік маусымның ашылуы дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық мұра мен заманауи сахна мәдениетін ұштастырған тағылымды кеш болды. Әуелеген ән мен симфониялық оркестрдің қуатты үні көрерменге ерекше рух сыйлап, қазақ музыкасының бай мұрасын тағы бір қырынан танытты.

    Алдағы 66-концерттік маусымда дәстүрлі музыка, эстрада, классика және театр өнерін қамтитын ауқымды концерттер мен жаңа жобалар ұсынылмақ. Маусым аясында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналған мерейтойлық кештер өтеді.

    Республика күніне орай «Біздің жәрмеңке» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, «Astana Musical» мемлекеттік театры екі жаңа қойылымның премьерасын көрсетеді. «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы еліміздің әр өңіріне тән дәстүрлі ән-күй мен жыр-дастандарды насихаттайтын жаңа циклдік концерттік бағдарламалар бастайды. Ал маусымның екінші жартысынан бастап Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің әлемдік музыка жауһарларына арналған және балалар аудиториясына бағытталған абонементтік концерттері өтеді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →