Аса ірі алаяқтыққа күдікті Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды
Алматыда жылжымайтын мүлік сатамын деп 1,5 млн доллар иеленген азамат Грузиядан экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды.
Сурет: istockphoto
Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлікті сатамын деп 1,5 млн доллар иеленген азамат Грузиядан елге әкелінді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қазақстан азаматын экстрадициялау Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері және Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2023 жылдың қараша-желтоқсан айларында Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлік сату сылтауымен жәбірленушіден 1,5 миллион АҚШ долларын алаяқтық жолмен иеленген.
Қылмыстық қудалаудан жасырынған ол халықаралық іздеуге жарияланған еді. Өткен жылдың желтоқсанында Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуымен елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Сотта кінәсі дәлелденсе, оны он жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі тұр.
