Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 3 қыркүйек 2026 $ 458,5 530,8 5,28
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Өзбекстандағы мектепке қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді

    Өзбекстанның Қараманас ауылындағы мектепке қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді. Салтанатты шараға екі елдің ресми өкілдері қатысты.

    Өзбекстандағы мектепке қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді

    Сурет: ҚР Өзбекстандағы елшілігі

    Өзбекстанның Ташкент облысындағы Қараманас ауылындағы №34 мектепке қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, драматург әрі аудармашы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері және қоғам қайраткері ретінде де танымал.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Аталған шара 2 қыркүйекте Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен өтті. Бұл жаңа оқу жылының басталуымен тұспа-тұс келген игі іс-шара қаламгердің туған жерінде есімін мәңгілікке қалдыруды көздеді.

    Рәсім Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты форумы аясында ұйымдастырылды. Форумның басты мақсаты – екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтып, ортақ рухани құндылықтарды дәріптеу және шығармашылық ынтымақтастықты кеңейту.

    Мектеп жазушының 1913 жылы дүниеге келген Қараманас ауылында орналасқан. Білім ордасына Райымқұлов есімінің берілуі екі елге ортақ тарихи-мәдени мұраға деген құрметтің айғағы ретінде бағаланды.

    Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Х.Султонов, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен жазушылар одақтарының өкілдері қатысты.

    Ералы Тоғжанов өз сөзінде бұл оқиға тек бір мектепке есім берумен шектелмейтінін, қазақ пен өзбек халықтарының ортақ тарихы мен рухани жақындығын көрсететін маңызды қадам екенін атап өтті.

    Іс-шара дәстүрлі алғашқы қоңырау рәсімімен басталып, «Рахметолла Райымқұлов: ұрпақтарды біріктіретін мұра» тақырыбындағы ашық сабақпен жалғасты.

    Бұдан бөлек, жаңартылған мектеп кітапханасы мен жазушыға арналған мемориалдық бұрыштың ашылуы да ұйымдастырылды. Кітапхана қоры қазақ және өзбек әдебиетінің жаңа басылымдарымен толықтырылды.

    Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл бастама Рахметолла Райымқұловтың мұрасын жас ұрпаққа танытуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →