Франкфурт әуежайында безгектен екі қызметкер қайтыс болды
Франкфурт әуежайының екі қызметкері безгектен қайтыс болды. Тағы төрт адам ем алуда. Инфекцияны масалар таратқан болуы мүмкін.
Сурет: magnific.com
Германиядағы Франкфурт әуежайының екі қызметкері безгек ауруынан көз жұмды. Тағы төрт адам ем алуда. Денсаулық сақтау органдары инфекцияны тасымалдаған масалардың әуежайға ұшақпен келгенін жоққа шығармайды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
BBC дерегіне сүйенсек, әуежай аймағына арнайы маса ұстайтын құрылғылар орнатылды. Ұсталған жәндіктер зертханаға жіберіліп, олардың түрі мен шыққан жері анықталады.
Fraport компаниясының өкілі қызметкерлердің бірінің инфекциядан қайтыс болғанын растады. Компания әуежай жұмысшыларын ауру белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралуға шақырды.
Барлығы алты ер адам жұқтырған. Олар әуежайдың әртүрлі бөлімдерінде қызмет атқарған. Қазір мамандар қан үлгілерін зерттеп, олардың бір немесе бірнеше маса шаққанын анықтауда.
Роберт Кох институтының мәліметінше, алғашқы төрт жағдай 4-6 шілде аралығында тіркелген. Сарапшылар инфекция таратқан масалардың ұшақпен келгенін жорамалдап отыр. Алайда олардың қай елден келген рейспен жеткені әзірге жарияланбады.
Институт мамандары Германияда безгек көбіне ауру таралған елдерден қайтқан адамдарда анықталатынын айтты. Ал инфекцияны тікелей әуежаюда жұқтыру өте сирек кездеседі.
Мұндай жағдайда диагноз қою қиындайды. Себебі науқас шетелге шықпағандықтан, дәрігерлер безгекті бірден күдіктенбейді. Салдарынан ауру кеш анықталып, асқынуы мүмкін.
Франкфурт әуежайында бұған ұқсас «әуежайлық безгек» жағдайы 2023 жылы да болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, безгек – кейбір масалар арқылы жұғатын паразиттік ауру. Ол негізінен тропикалық аймақтарда кездеседі және адамнан адамға тікелей берілмейді. Ауруды алдын алуға және емдеуге болады, алайда кейде өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
