Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылды
Алматы ипподромы қала меншігіне қайтарылды. Президент тапсырмасымен нысан коммуналдық меншікке өтіп, кешенді қалпына келтіру жоспарлануда.
Фото: Алматы әкімдік
Алматыдағы тарихи ипподром қала меншігіне қайтарылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, нысан коммуналдық меншікке өтіп, билік оны кешенді түрде қалпына келтіріп, бұрынғы спорттық дәрежесін қайтаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Ипподромның тарихи-спорттық мақсаты өзгеріссіз қалады, ол біртұтас кешен ретінде сақталады. Алматының 2040 жылға дейінгі бас жоспарында бұл аумақ тиісті функционалдық аймаққа бекітілген, яғни нысаналы мақсаты өзгертілмейді.

Ары қарай даму тұжырымдамасы әзірленбек. Трибуналар, қоралар, спорт жолақтары мен инженерлік желілер жаңартылып, қалалық және республикалық жарыстар өткізуге жағдай жасалады. Қазір кешеннің тозығы жеткендіктен, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Алматы ипподромы 1930 жылы ашылған — бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең көне жылқы шаруашылығы мен ат спорты нысандарының бірі. Оның аумағы 39,1 гектарды құрайды. Бастапқыда мұнда шамамен 3 мың көрермен мен 300 жылқы сыятын.
Соңғы күрделі жөндеу 1965 және 1985 жылдары жүргізілген. 1990 жылдары ипподром жекешелендіріліп, 2001 жылы «Ипподром» АҚ банкрот болған соң, мүлік кешені жеке меншік құрылымдарға сатылған еді.
