Түркия мен Израиль СІМ-дері Эрдоганға қатысты сыннан кейін өткір мәлімдемелер алмасты
Түркия мен Израиль СІМ-дері Ердоғанға қатысты өткір мәлімдемелер алмасты. Израиль Түркия президентін сынаса, Анкара Нетаньяхуды геноцид жасады деп айыптайды.
Фото: akorda.kz
Түркия мен Израиль сыртқы істер министрліктері арасындағы шиеленіс, Израильдің Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға қатысты сынынан кейін ушығып кетті. Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Израильдің Сыртқы істер министрлігі әлеуметтік желідегі X парақшасында Ердоғанды «бірнеше күн сайын еврей мемлекетін айуандықпен қудалаудың жаңа биіктеріне жетуге тырысады» деп айыптап, оның назарды өз халқына қарсы әрекеттерінен аударуға ұмтылғанын жазды. Ведомствоның мәлімдемесінде түрік президенті елдегі «демократияны жойды», ХАМАС-қа қолдау көрсетті және «басқа елдерге басып кірді» деп көрсетілген.
Бұған дейін Ердоған өз сөзінде «соғысқа құмар Израиль» аймақтағы қауіпсіздікке нұқсан келтіріп жатқанын мәлімдеген еді. «Сионизм деп аталатын радикалды, оккупациялық, геноцидтік идеология тек көрші елдердің тыныштығына ғана емес, сонымен қатар аймақтық бейбітшілік пен гуманитарлық құндылықтарды қорғайтын әрбір адамға қауіп төндіреді», — деді түрік президенті.
Түркия Сыртқы істер министрлігінің жауап мәлімдемесінде: «Біздің құрметті президентімізге қарсы айтылған өтірік пен жала Израиль үкіметіндегі премьер-министр Нетаньяху бастаған қылмыскерлердің қорқақ әрі шірік менталитетін көрсетеді», — делінген. Сонымен қатар мәлімдемеде: «Газада геноцид жасап, бүкіл израиль халқын тарихи масқараға ұшыратқан, Таяу Шығыстағы қазіргі заман тарихында теңдесі жоқ экспансиялық саясат жүргізіп, аймақтық және жаһандық тұрақсыздықтың басты кінәсіне айналған Нетаньяху мен оның қылмыстық тобының иммунитеті заңдық және саяси тұрғыдан жойылуда», — деп атап өтілді.
Анкара сондай-ақ Израиль институттарының «нацистік Германияның насихат машинасының үлгісімен» әрекет ететінін, олардың күш-жігері енді жеткіліксіз екенін және халықаралық қоғамдастық «Нетаньяху үкіметінің өтірігіне сенбейтінін» жеткізді.
Бұл айыптаулар алмасуы екі ел арасындағы ұзаққа созылған риторикалық қарама-қайшылықтың алғашқы эпизоды емес. Мамыр айының соңында Ердоған Израильдің Газадағы әрекеттері туралы сөйлеп, «зұлым Нетаньяху» жақын арада бүкіл мұсылман әлемінен «сабақ алатынын» айтқан болатын. Ал сәуірде түрік прокурорлары Түркияда сырттай геноцид жасады деп айыпталған Нетаньяхуға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын талап еткен; іс бойынша 35 айыпталушыға, оның ішінде израильдік премьерге, 1,1 мыңнан 4,5 мың жылға дейін мерзімдер сұралған.
