Негізгі мазмұнға өту
Сенбі, 29 тамыз 2026 $ 463,4 539,7 5,42
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Ересектерге арналған контент жұбайларды ажырасуға апара ма?

    Ересектерге арналған контенттің қарым-қатынасқа әсері: зерттеулер не дейді? Анайы фильмдер тәуелділік тудырып, ажырасуға әкелуі мүмкін. Сарапшылардың кеңестері.

    Ересектерге арналған контент жұбайларды ажырасуға апара ма?

    Сурет: ЖИ

    Ересектерге арналған контенттің қаралымы артқан сайын, психологтар мен сексологтар бұл шынайы қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін жиі сұрайды. Зерттеушілер бұл сұраққа жауап іздеп келеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Алғашында мұндай бейнелерді көру зиянсыз болып көрінуі мүмкін. Көпшілік оны күйзелісті басатын немесе төсек қатынасына жаңа дем беретін оңай жол деп санайды. Алайда мәселе тереңірек. Ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі де онлайн-эротикаға әуестенсе, бұл қалыпты ма? Шаңыраққа қауіп төндіре ме? Экрандағы жасанды бейнелер уақыт өте шынайы сезімді ығыстырып тастамай ма?

    Мұндай видеолар тәуелділік тудырады. Оңай қолжетімді нәрсе тез әдетке айналады. Бұған дофамин — қуаныш гормоны себеп. Анайы фильмді қосқанда ми «Охо, бұл маған ұнайды, қайталағым келеді!» деп қуанады. Рахатқа бөленген ми жеңіл жолды жаттап алады: «Міне, керемет! Қалаған кезімде еш қиындықсыз жасай аламын!»

    Шынымен де, бұл шынайы қарым-қатынастан оңай. Өйткені өмірде тек өзіңді ғана емес, серігіңді де ойлау керек. Оның көңіл-күйін көтеріп, қалауын ескеру қажет. Ал экрандағы кейіпкер ештеңе талап етпейді. Ми жеңіл жолды таңдап: «Дайын видеоны қос та, рахаттан. Ешқандай күш қажет емес, бәрі екі батырмамен бітеді» деп азғырады.

    2011 жылы Денвер университетінің ғалымы Аманда Мэддокс әріптестерімен 18-34 жас аралығындағы отбасылы жастарды зерттеді. Олар жұбайлардың ұрыс-керіс жиілігін, төсек қатынасына қанағаттануын және көзге шөп салу туралы ойларын саралады. Нәтижесінде еркектердің шамамен 77%-ы, әйелдердің шамамен 35%-ы мұндай видеоларды жалғыз қарайтыны белгілі болды.

    Ал бұл контенттен мүлдем бас тартқан отбасыларда жағдай басқаша: олар сирек ұрысады, бір-біріне опасыздық жасауға құмартпайды және төсекте әлдеқайда бақытты.

    Егер анайы видеолардан толық бас тарту мүмкін болмаса, бір шешім бар: оларды жасырын емес, серігіңізбен бірге көріңіз. Сонда қарым-қатынасқа пайдасы көбірек болады. Қорытынды: отбасыңызды сақтағыңыз келсе, мұндай туындылардан бас тартыңыз. Ал бас тарта алмасаңыз, тек бірге тамашалаңыз.

    2010 жылы Флорида мемлекеттік университетінің зерттеушілері Натаниель Ламберт пен Сесен Негаш әріптестерімен эксперимент жүргізді. Ерлі-зайыптылардың бірінің көзін байлап, екіншісінің айтуымен сурет салғызды. Анайы видеоларды жиі көретін жұптар сынақтан нашар өтті. Бұл олардың арасында түсіністік пен сенімнің азайғанын көрсетеді.

    Басқа экспериментте екеуі де анайы видео қарайтын жұптар екі топқа бөлінді. Бірінші топқа 3 апта бойы фильм көрмеу, екіншісіне сүйікті тағамынан бас тарту тапсырылды. Нәтижесінде бірінші топ қарым-қатынасының жақсарғанын, бір-біріне жақындап, жақсы түсіне бастағанын растады.

    Андреа Мариа Гвинн мен Натаниель Ламберт адамдарды бұл видеоларда не қызықтыратынын зерттеді. Белгілі болғаны:

    1. Адамдарға экрандағы тартымды әрі қолжетімді кейіпкерлерді тамашалаған ұнайды. Сондықтан өз серігі экрандағыдай мінсіз емес, тым ашық емес және әрдайым дайын бола бермейтіндіктен, тартымдылығын жоғалтуы мүмкін.

    2. Ересектерге арналған контент көрермендерді серікті жиі ауыстыру қалыпты дегенге сендіреді. Бұл ой уақыт өте отбасындағы сатқындық қаупін арттырады.

    Әрине, барлық ғалым бұл пікірмен келіспейді. Кейбір зерттеушілер анайы видеолар тәуелділік тудырмайды және ажырасуға басты себеп емес деп санайды. Олардың ойынша, мұндай әуестік мәселенің себебі емес, салдары. Яғни, адамдар видеолар көргендіктен сезімдері сөнбейді, керісінше, сезім сөнгендіктен осындай контентке өтеді.

    Кейде мұндай контент жұбайларға жабық тақырыптарды талқылауға көмектеседі. Қалай болғанда да, «Play» батырмасын баспас бұрын ойланып, саналы шешім қабылдаңыз. Мүмкін, сіз экрандағы жасанды бейнелерге сұқтанып жатқанда, жаныңыздағы адам назарыңыз бен жылуыңызға мұқтаж шығар?

    Егер адамға серігімен сөйлесуден гөрі видео қосып ләззат алу оңайырақ болса, бұл анайы контенттің кесірін тигізе бастағанының белгісі.

    Не істеу керек?

    — Мәселені серігіңізбен талқылаңыз. Сезімдеріңіз бен уайымыңызды ашық айтыңыз. Мұндай контентті қарау уақытын шектеңіз. Саналы шешім назарыңызды қайтадан жаныңыздағы жанға аударуға көмектеседі.

    — Эмоционалдық байланысты нығайтуға күш салыңыз. Ортақ істер мен сырласу екеуіңізге де көбірек қуаныш пен қанағат сыйлайды.

    Бақыттың басты сыры экрандағы бейнеде емес, өз сезімдеріңіз бен жақындарыңызға көңіл бөлуде.

    Төре СЕЙІТХАН

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →