Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 26 тамыз 2026 $ 457,3 533,4 5,45
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Алматыдағы «Гаухартас» тұрғын үй кешенінде өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды Қазақстандағы ресейліктер көші-қоны: 2022 жылғы толқыннан кейінгі жағдай Армения Ресейдегі мобилизациядан қашқандарға есігін ашпақ БАӘ-де екі қазақстандық қыз қаза тапты Конституциялық реформа аясындағы сайлауда прокуратура заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етті БАӘ-де қаза тапқан екі қазақстандық қыздың денесі табылды Алматыдағы «Гаухартас» тұрғын үй кешенінде өрт шығып, тұрғындар эвакуацияланды Қазақстандағы ресейліктер көші-қоны: 2022 жылғы толқыннан кейінгі жағдай Армения Ресейдегі мобилизациядан қашқандарға есігін ашпақ БАӘ-де екі қазақстандық қыз қаза тапты Конституциялық реформа аясындағы сайлауда прокуратура заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етті БАӘ-де қаза тапқан екі қазақстандық қыздың денесі табылды

    Қазақстандағы ресейліктер көші-қоны: 2022 жылғы толқыннан кейінгі жағдай

    Қазақстандағы ресейліктер көші-қоны: 2022 жылғы толқыннан кейінгі жағдай, статистикалық деректер мен сараптама.

    Қазақстандағы ресейліктер көші-қоны: 2022 жылғы толқыннан кейінгі жағдай

    Сурет: kznews.kz

    Соңғы бірнеше жылда Қазақстанға солтүстік көршімізден қоныс аударушылар тақырыбы қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Әсіресе, 2022 жылы Украинадағы арнайы әскери операция басталып, Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін соғыстан қашқан ресейліктердің Қазақстанға келуі күрт өсті. Бұл үрдіс елдегі тұрғын үй нарығына, жалдау бағасына, еңбек нарығына және ірі қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымына бірден әсер етті. Алайда төрт жыл өткен соң жағдай біршама өзгергені байқалады. Дегенмен, ағым баяулағанымен, Қазақстанда тұрақтап қалған ресейліктердің саны әлі де аз емес, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған Ресей азаматтарының саны 138 259 адамға жеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 112 685 адамға, 2024 жылы 77 542 адамға, ал 2025 жылы 69 894 адамға дейін төмендеген. 2026 жылдың алғашқы үш айында тағы 13 989 ресейлік уақытша тұруға рұқсат алған. Яғни, 2022 жылғы рекордтық деңгеймен салыстырғанда ауқым бірнеше есе азайғанымен, Ресей азаматтарының Қазақстанға келуі тоқтаған жоқ.

    Әрине, бұл сандардан «ресейліктер Қазақстанға жаппай көшіп жатыр» деген қорытынды жасауға асықпау керек. Уақытша тұруға рұқсат алу тұрақты көшіп келуді білдірмейді. Қазақстан заңнамасы бойынша мұндай рұқсат әдетте бір жылға дейін беріледі және еңбек ету, оқу, отбасын біріктіру, кәсіпкерлік сияқты әртүрлі мақсаттармен рәсімделуі мүмкін. Сонымен қатар, Ресей азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады.

    Дегенмен, көші-қонның тұрақты сипат ала бастағанын көрсететін тағы бір маңызды көрсеткіш бар. Деректерге сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 9 761 Ресей азаматы тұруға ықтиярхат алды. 2025 жылы олардың саны 8 148 адам болды. Ал былтыр бұрын Ресей азаматы болған 1 757 адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған. 2024 жылы азаматтық алғандардың саны 2 148 адам болған.

    Демек, 2022 жылғы төтенше көші-қон толқынының бір бөлігі Қазақстанда қалып қойды деуге болады. Бірақ шекарадан өткен ресейліктердің саны мен Қазақстанда түпкілікті орныққан адамдардың санын бір көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайды. Соңғы жылдардағы көші-қон статистикасы да осы өзгерісті аңғартады. 2025 жылы елдің сыртқы көші-қон сальдосы 16,1 мың адамға дейін өсті. Яғни, Қазақстанға келгендердің саны кеткендерден айтарлықтай көп болды. Бірақ бұл өсімді тек Ресей азаматтарымен байланыстыру да дұрыс емес. Қазақстанға Орталық Азия, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа мемлекеттерден де адамдар келіп жатыр. Соған қарамастан, Ресей азаматтарының үлесі ерекше назар аударуға тұрарлық.

    Жалпы, Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтарының арасында ресейліктер ең ірі топтардың бірі болып отыр. Мұны екі ел арасындағы тарихи, тілдік, экономикалық және көлік байланыстарының тығыздығымен түсіндіруге болады. Өйткені Қазақстан Ресей азаматтары үшін тек географиялық тұрғыдан жақын мемлекет емес, сонымен бірге тілдік және іскерлік ортаға бейімделуі салыстырмалы түрде жеңіл ел санатында.

    Айтпақшы, 2022 жылғы көші-қон толқынының алғашқы әсері ең алдымен ірі қалаларда сезілді. Астана мен Алматыда жалдамалы тұрғын үйге сұраныс артып, қысқа мерзім ішінде пәтер ақысының қымбаттауы байқалды. Кейбір кәсіп иелері мен IT мамандарының келуі қызмет көрсету және цифрлық секторға қосымша кадр әкелсе, екінші жағынан жергілікті тұрғындар үшін бәсекені күшейтті. Бұл әсіресе жоғары жалақы төленетін салаларда сезілді.

    Жалпы, бұл оқиғалар мемлекеттің көші-қон саясатына қатысты ұстанымын да өзгерткені анық. Мәселен, соңғы жылдары тұрақты тұруға ықтиярхат алу талаптарының күшейгені байқалады. Бұл мемлекет үшін қауіпсіздік, құжаттардың дұрыстығы және көші-қондық бақылау мәселелерін алдыңғы орынға шығарды.

    Яғни, Қазақстан билігінің алдында «ресейліктерді қабылдау немесе қабылдамау» деген мәселе тұрған жоқ. Алайда елге келетін адамдардың мәртебесін нақты ажырату мен көші-қон ағынын тиімді басқаруға бейімделу жүріп жатқаны анық. Әлбетте, ол жария түрде болмауы да мүмкін. Анығы, заң талаптарының күшейгені сезілді. Оған ұлтараздықты қоздыру бабымен қозғалған қылмыстық істер мен заң талабын бұзған ресейліктердің елден шығарылуын мысал етуге болады.

    Екіншіден, мемлекет үшін де, қоғам үшін де қазір «Қазақстанға қанша ресейлік келді?» деп емес, «олардың қаншасы Қазақстанда қалып, экономикалық және әлеуметтік ортаға қаншалықты кірігіп жатыр?» деген сұрақ күн тәртібінде болуы керек.

    Ресми статистика бұл процестің баяулағанын көрсетеді. 2022 жылғы 138 мыңнан астам уақытша тұру рұқсатының 2025 жылы 69,9 мыңға дейін азаюы бұған дәлел. Бірақ жыл сайын бірнеше мың адамның тұрақты тұруға ықтиярхат алып, олардың арасынан мыңнан астам адамның Қазақстан азаматтығын қабылдауы бұл көші-қонның толық аяқталмағанын көрсетеді.

    Демек, мәселені эмоциямен емес, нақты статистикамен бағалайтын уақыт келді. Мысалы, Қазақстан үшін Ресейден келетін көші-қоннан қауіп бар ма немесе саяси, әлеуметтік, экономикалық тәуекел туындай ма деген сауалға еліміздегі ықпалды зерттеу институттары әлі күнге дейін нақты жауап берген емес.

    Әсіресе, мұндай мәселені Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қарап, нақтылайтын уақыт келген сияқты…

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →