Канье Уэсттің концерті кезінде Алматыда байланыс шектеледі
Канье Уэсттің Алматыдағы концерті кезінде Tele2/Altel жиіліктерді уақытша шектейді. Бұл арнайы жабдықтың жұмысы үшін қажет, бірақ мобильді интернет жылдамдығына әсер етуі мүмкін.
Әлемге әйгілі рэпер Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне дайындық аясында ұйымдастырушылар жергілікті билікпен келісе отырып, Tele2/Altel компаниясына Орталық стадион маңындағы жиіліктердің бір бөлігін уақытша шектеу туралы өтініш білдірді. Бұл шара концерт кезінде қолданылатын және дәл осы жиілік диапазонын пайдаланатын арнайы техникалық жабдықтың дұрыс жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай техникалық талаптар басқа елдерде, соның ішінде Грузия мен Түркияда да қолданылған.
Tele2/Altel бұл ауқымды шараның Алматы үшін маңыздылығын түсінеді және әкімдіктің өтінішіне орай ұйымдастырушыларға қажетті техникалық көмек көрсетуге дайын. Компания концерт өтетін аумақта клиенттердің мобильді байланыс пен интернетке қолжетімділігін сақтау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланады. Дегенмен, ұйымдастырушылардың техникалық талаптарын орындау үшін қажет жиіліктердің уақытша шектелуі, сондай-ақ желіге күтілетін жоғары жүктеме жекелеген кезеңдерде мобильді интернет жылдамдығына әсер етуі мүмкін.
Концертке баруды барынша ыңғайлы ету үшін Орталық стадионға келместен бұрын билеттерді, QR-кодтарды және іс-шараға кіруге қажетті басқа да ақпаратты телефонға алдын ала жүктеп алуды ұсынамыз.
