Алматыдағы жарықтың өшуі: тұрғындар әзілге айналдырды
Алматыдағы жаппай электр қуатының өшуі тұрғындардың әзілдеріне себеп болды. Канье Уэсттің концертімен байланыстырып, желіде күлкілі жазбалар тарады.
Сурет: stan.kz
Алматы мен Алматы облысында жаппай электр қуатының өшуі тұрғындардың наразылығын тудырды, алайда кейбірі бұл жағдайды әзілге айналдырып үлгерді. Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар жарықтың өшуін америкалық рэпер Канье Уэсттің концертімен байланыстырып, күлкілі жазбалар жариялауда, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Желі қолданушыларының бірі Канье Уэсттің қолына қысқыш ұстап, электр жабдығының жанында электрик киімінде тұрған суретін жариялап, оған «жарық қайда?» деген плакат ұстаған наразы тұрғындарды қосқан. Тағы бір қолданушы Каньенің жарық компаниясының қызметкерінен концертіне дейін жарық қосылатынын сұрап тұрған суретін жариялап, жұртты күлдірді.

Theards қолданушыларының бірі жарықтың өшуін Каньенің жер шары тәріздес сахналық декорациясымен байланыстырса, танымал стендапер Ғалым Қалиақпаров та осы тақырыпта жазба жариялады. «Алматыда ‘Жер сағаты’ ұйымдастырылды. Электр жарығы өшіріліп, Каньенің ‘Жер шары’ сахнасы жарықтандырылды», – деп жазды ол.

Басқа бір қолданушы қаладағы барлық оқиғаны Каньенің жолы болмауымен байланыстырды: «Өзі Канье Уэстің жолы ауыр екен. Алматыда свет өшіп, метрода адамдар қалып, Шымбұлақтың төбесінде туристер кабинкада ілініп қалды. Үйде не су не свет жоқ. Көршілер лифтінің ішінде қамалып қалды. Бізде полный треш деуші ме еді әлде апокалипсис па бірдеңе».
Тағы бір желі қолданушысы жарықтың қашан қосылатынын соңғы күндері тараған, тойдан шыға салысымен «Салют кәні?» деп отшашу сұраған жас жігіттің сөзімен байланыстырды.
Айта кетейік, бүгін сағат 14:30 шамасында Алматының бірнеше ауданында электр қуатының берілуінде іркіліс болды. Бостандық, Наурызбай, Әуезов және Алатау аудандарындағы тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылғаны ресми расталды. Алдын ала мәлімет бойынша, KEGOC АҚ-қа тиесілі 500 кВ магистральдық электр беру желілерінің апатты ажыратылуы себеп болған.
Қалада байланыс жүйесінде іркілістер болып, жолдардағы қозғалыс қиындады, кейбір бағдаршамдар жұмыс істемеді. Алматы метросы жұмысын тоқтатып, жолаушыларды эвакуациялау сәті түсірілген видео тарады. Сондай-ақ, әуежай жұмысында да қиындықтар туындағаны хабарланды.
