Қытай автокөліктерін сатушылар Алматыдағы салонмен әріптестіктен 700 млн теңгесінен айырылды
Қытай автокөліктерін сатушылар Алматыдағы автосалонмен әріптестіктен 700 млн теңге жоғалтқанын мәлімдеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, көліктер сатылған, бірақ ақша төленбеген. Полиция қылмыстық іс қозғады.
Сурет: newtimes.kz
Қытай автокөліктерін қайта сатумен айналысқан кемінде 40 кәсіпкер Алматыдағы бір автосалонмен әріптестіктен кейін шамамен 700 млн теңге жоғалтқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, көліктер сатылған, алайда ақшасын иелері әлі ала алмаған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
КТК телеарнасының хабарлауынша, кәсіпкерлер Қытайдан автокөліктерді сатып алып, Қазақстанда қайта сатуды жоспарлаған. Алматыдағы автосалонның иесі көліктерді сатуға алуды ұсынып, сатылғаннан кейін ақшаны аударатынын уәде еткен.
Кәсіпкерлердің бірі Нұржан Боштай екі айдан аз уақыт ішінде 18 млн теңгеден айырылғанын айтты. Оның сөзінше, автосалон өкілі Changan CS55 Plus маркалы екі көлікті тапсыруды ұсынған, өйткені оларға сатып алушылар табылған көрінеді.
«Маған қоңырау шалып, Changan CS55 Plus керек екенін, Шымкентте клиенттер барын айтты: «Ақшаны 3-4 күнде қайтарамыз, клиенттер дайын». Мен: «Жарайды, жақсы» дедім. Екі көлікті әкелдік. Олар сатылды. Бұл 12 маусымда болды. Қазір тамыз, екі ай өтті, әлі ақша жоқ», – деді Нұржан Боштай.
Кәсіпкердің айтуынша, одан кейін көліктерді сату жалғасқан. Осы уақыт ішінде бір көліктің бірнеше иесі ауысқан, ал қазір ол көлік кепілде тұрған көрінеді.
Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, дәл осындай мәселеге кемінде 40 адам тап болған. Барлығы бір автосалонмен жұмыс істеген.
Тағы бір зардап шеккен Әділ Бекжан кәсіпкерлердің салон иесімен тікелей байланысқа шықпағанын айтады. «Біз жалпы салон иесінің бұрын да алаяқ екенін білгенбіз. Егер ол өзі хабарласқанда, біз оған ақша мен көлік бермес едік. Сондықтан ол өз орнына агенттерін жіберген. Біздің білуімізше, оның үш автосалоны болған. Ол адамдарды бір жылдан астам уақыт алдап жүр деп ойлаймын», – деді Бекжан.
Көліктер сатылғаннан кейін салон иесі байланысқа шықпай қойған. Кәсіпкерлер оны бір мекенжай бойынша іздеп көрген, бірақ үй-жай жабық болып шыққан. Зардап шеккендердің айтуынша, автосалон аумағы шамамен екі апта бұрын мөрленген.
Соңында кәсіпкерлер полицияға жүгінген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмысқа қатысы бар басқа адамдардың тобы анықталуда», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір кәсіпкерлер ақшасы мен көліктерін қайтаруға үміттенуде. Телеарнаның хабарлауынша, олардың кейбірі көліктерді несиеге сатып алған және болған оқиғадан кейін басқа табыс көздерін іздеуге мәжбүр.
Бұған дейін Қытайдан жасалған миллиардтаған контрабанда ісі бойынша екі күдіктінің қамауға алынғаны хабарланған.
