Алматыда автобус 30 жастағы әйелді қағып, оқиға орнында қаза тапты
Алматыдағы «Орбита» шағынауданында автобус 30 жастағы әйелді қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр.
Сурет: turkystan.kz
Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі 30 жастағы әйелді қағып кетіп, зардап шеккен адам оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Бүгін сағат 12:20 шамасында «Орбита» шағынауданында жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының кезекші бөлімі бұл ақпаратты растады.
Полиция мәліметінше, жекеменшік тасымалдаушыға тиесілі автобус Мұстафин көшесімен оңтүстік бағытта келе жатып, жолды шығыс бағытта кесіп өтпек болған 1996 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Өкінішке қарай, жарақаты ауыр болған әйел оқиға орнында қайтыс болды.
Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы полиция департаментінің анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде.
Оқиға орнындағы куәгерлер түсірген видеода №119 бағыттағы автобус көрінеді. Бұл көлік «АвтоАлмаТранс» ЖШС-не тиесілі жекеменшік автопаркке қызмет көрсетеді.
