Негізгі мазмұнға өту
Сәрсенбі, 12 тамыз 2026 $ 466,1 537,7 5,65
  • Информационное сообщение
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Ақтауда 3 көлік соқтығысып, 23 жастағы жүргізуші қаза тапты Медузалар жаулап алды: Францияда АЭС жұмысы тоқтады «Біраз адам іздепті»: Роза Әлқожа қазіргі жағдайынан хабар берді 36 жыл бойы жөндеу көрмеген: Таразда әкімдіктің салғырттығынан тұрғындар ауызсуға зарығып отыр Қостанай әкімдігі тұрғындардың мұңын естімей ме? Теміржол көпіріне апарар жол жабық «Жастар – еліміздің басты күші»: Аида Балаева жастарға құттықтау жолдады Ақтауда 3 көлік соқтығысып, 23 жастағы жүргізуші қаза тапты Медузалар жаулап алды: Францияда АЭС жұмысы тоқтады «Біраз адам іздепті»: Роза Әлқожа қазіргі жағдайынан хабар берді 36 жыл бойы жөндеу көрмеген: Таразда әкімдіктің салғырттығынан тұрғындар ауызсуға зарығып отыр Қостанай әкімдігі тұрғындардың мұңын естімей ме? Теміржол көпіріне апарар жол жабық «Жастар – еліміздің басты күші»: Аида Балаева жастарға құттықтау жолдады

    «Жастар – еліміздің басты күші»: Аида Балаева жастарға құттықтау жолдады

    Аида Балаева жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтап, олардың ел дамуындағы рөлін атап өтті. Жастар саясатындағы өзгерістер мен қолдау шаралары туралы айтты.

    «Жастар – еліміздің басты күші»: Аида Балаева жастарға құттықтау жолдады

    Сурет: Казинформ

    Елімізде 5,8 миллионнан астам жас бар екені белгілі болды. Бұл – ел халқының шамамен үштен бірі. Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық жастар күніне орай қазақстандық жастарға құттықтау жолдады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

    Министр өз үндеуінде жастардың елдің дамуы мен болашағындағы маңызды рөліне тоқталды. Оның айтуынша, жастар – еліміздің ең басты жасампаз күші. Қазақстанның ертеңі, мемлекеттің алдағы даму бағыты ең алдымен бүгінгі жас ұрпақтың біліміне, білігіне, азаматтық ұстанымы мен бастамашылдығына байланысты.

    Ол адами капиталды дамыту, білім мен ғылымды жетілдіру және инновацияларды қолдау Қазақстанның жаңа Конституциясында мемлекетті дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде белгіленгенін атап өтті. Бұл жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, оларға артылған сенім мен жауапкершіліктің де жоғары екенін көрсетеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білім мен еңбекті серік етіп, Әділетті Қазақстанды бірге қалыптастыру.

    Аида Балаева жастар саясаты саласындағы өзгерістерге де тоқталды. Атап айтқанда, жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылып, мемлекеттік қолдау шараларына қатысатын жастардың қатары кеңейген. Қазір жастарға білім алуға, жұмысқа орналасуға, кәсіп ашуға, баспана алуға, волонтерлікпен айналысуға және қоғамдық бастамаларға қатысуға мүмкіндік беретін бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр.

    Мәселен, «Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас мемлекеттік қолдауға ие болған. Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары бойынша 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болды. Ал биыл «Жасыл ел» жобасы аясында 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.

    Министр дарынды жастарды қолдауға бағытталған жобалардың да маңызы зор екенін айтты. «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жастардың жаңа жобаларын жүзеге асыруға жол ашса, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы өз саласында жоғары нәтижеге жеткен жастарды ынталандырады. Бүгінде елімізде 400-ден астам жастар ұйымы мен 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жастардың бастамаларын қолдап, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беріп келеді.

    «Жастардың ел өміріне белсенді араласуының маңызы ерекше. Бүгінде мыңдаған жас волонтерлікпен айналысып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырып, «Таза Қазақстан» жобасына атсалысып жүр. Осындай нақты істер арқылы олар қоғамның дамуына, ел бірлігі мен ортақ құндылықтардың нығаюына өз үлесін қосуда», – деді министр.

    Аида Балаева цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту кезеңінде жастардың рөлі одан әрі арта түсетінін атап өтті. «Жаңа технологияны игеру, тың идея ұсыну, отандық ғылым мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту арқылы жас ұрпақ еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қоса алады», – деді ол.

    Сонымен қатар министр алдағы Құрылтай сайлауына тоқталып, партиялық тізімдерде жас кандидаттардың болуы жастардың азаматтық белсенділігінің артып келе жатқанын көрсететінін айтты. Құттықтауының соңында Аида Балаева жастарға сенім білдіріп, олардың әр жетістігі елдің ортақ табысына айналатынын жеткізді. «Сіздердің білімдеріңіз бен жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңалыққа ұмтылыстарыңыз – Қазақстанның келешегіне салынған ең үлкен капитал. Біз сіздерге сенеміз, жетістіктеріңізді мақтан тұтамыз және әрбір игі бастамаларыңызды қолдаймыз», – деді министр.

    Министр барша қазақстандық жасты Халықаралық жастар күнімен құттықтап, жаңа мүмкіндіктер мен толағай табыстар тіледі.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →