Алматыда заңсыз жүрген 35 шетел азаматы елден шығарылды
Фото: ЖИ арқылы жасалған
Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған Үндістан Республикасының 35 азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шетел азаматтары Қазақстанда болуға рұқсат етілген мерзімнен асып, ел аумағында заңсыз жүрген. Арнайы іс-шаралар барысында Алматы қаласы Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері заң бұзушылардың орналасқан жерін анықтап, оларды ұстаған.
— Сот шешімімен азаматтардың барлығы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Полиция қызметкерлері оларды әуежайдағы шекаралық және паспорттық бақылаудан өткенге дейін алып жүрген. Сонымен қатар, шетел азаматтарының белгіленген болу мерзімі аяқталғаннан кейін олардың елден уақытылы шығуын қамтамасыз етпеген қабылдаушы тараптар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деді Алматы қаласы полиция департаментінің өкілдері.
Полиция өкілдері көші-қон заңнамасының талаптарын сақтау Қазақстан аумағында жүрген шетел азаматтары мен оларды қабылдайтын тұлғалар үшін міндетті екенін еске салды.
