Семейде табылған сүйектер сегіз жыл бұрын жоғалған күзетшінікі болуы мүмкін
Семейдегі «Пищевик» стадионы орнындағы құрылыстан адам сүйектері табылды. Олар сараптамаға жіберіліп, сегіз жыл бұрын жоғалған күзетшінің қызы әкесінікі деп күдіктенуде.
Сурет: rus.azattyq-ruhy.kz
Семейдегі бұрынғы «Пищевик» стадионы орнында салынып жатқан Жекпе-жек сарайының құрылыс алаңынан адам сүйектерінің сынықтары табылды. Олар сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Бұл оқиға сегіз жыл бұрын осы маңда хабар-ошарсыз кеткен адамның туыстарында үміт оятты, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Семей тұрғыны Меруерт Нұриденова табылған сүйектер оның әкесіне тиесілі болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, жоғалғанға дейін әкесі сол стадионда күзетші болып жұмыс істеген. Бір күні ауысымнан үйге оралмаған ол содан бері хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Еске салайық, бұрынғы «Пищевик» стадионының орнында жаңа Жекпе-жек сарайының құрылысы кезінде жұмысшылар адам сүйектерінің сынықтарын тапқан еді.
Табылған сүйектер сот-медициналық сараптамаға жіберіліп, нәтижелері жақын айларда күтілуде. Сараптама жүргізіліп жатқан кезеңде құрылыс жұмыстары тоқтатылды.
«Бұл жерден адам сүйектері табылғанын естігенде, бізде бірден күдік пайда болды, өйткені әкем дәл сол жерде жоғалған еді. Енді сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Бізге бір-екі айдан кейін хабарласу керектігін айтты. Әрине, шындықты біліп, әкемнің бейітіне бару мүмкіндігіне ие болғымыз келеді», — деді Семей тұрғыны Меруерт Нұриденова.
