Орталық Азия көшбасшылары Ыстықкөлде су-моторлы спорттан әлем чемпионатын ашты
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орталық Азия президенттері Ыстықкөлде өтіп жатқан UIM F1H2O әлем чемпионатының ашылу салтанатына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Сегіз команда мен он сегіз спортшы қатысатын су-моторлы спорттан UIM F1H2O әлем чемпионатының «Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при» кезеңінің ашылу салтанатында Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары бас қосты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен басқа да ел басшылары жарысқа қатысушылармен әңгімелесіп, сәттілік тіледі, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Салтанатты шарада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттеріне судағы жарыстарға арналған болид таныстырылды. Содан соң Орталық Азия елдерінің басшылары бір мезгілде символикалық тетікті басып, сайыстың «Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при» кезеңін ресми түрде ашты.
Аталмыш додада БАӘ, Аустралия, Канада және өзге де елдердің намысын қорғайтын 8 команда мен 18 спортшы сынға түседі.
Қырғызстанда алғаш рет өткізіліп жатқан бұл жарыс республика тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық-мәдени іс-шара саналады.
