Ержан Тоқтағұлов Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалды
Ержан Дәулетұлы Тоқтағұлов Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалды. Оның өмірбаяны мен мансап жолы туралы оқыңыз.
Сурет: dalanews.kz
Ержан Дәулетұлы Тоқтағұлов Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
1992 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген Тоқтағұлов бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ол Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын және Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетін бітірген. Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2015 жылы Ұлттық экономика министрлігінде бастап, үш жыл бойы бас маман және сарапшы болып жұмыс істеген. 2018–2019 жылдары Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Телекоммуникациялар комитетінде бас сарапшы қызметін атқарған. 2019 жылы «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ-да Сарапшылардың шығындарын өтеу орталығын басқарған. 2019–2020 жылдары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде БАҚ саласындағы бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы, кейін басқарма басшысы болған.
2020–2021 жылдары Қостанай облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасын басқарып, өңірдің бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметін атқарған. 2021–2024 жылдары Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Өңіраралық байланыс инспекциясының басшысы болған. 2024 жылғы наурыздан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің Цифрлық трансформациялау және жобалық менеджмент департаментінің директоры қызметін атқарған.
