Ұлытау облысының әкімі «Қазақмыс» Тобының өндірістік және әлеуметтік нысандарымен танысты
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен жұмыс сапарының екінші күнінде Жезқазғандағы «Қазақмыс» Тобының өндірістік және әлеуметтік нысандарын аралады. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және Топ кәсіпорындарының басшылары өндірісті жаңғырту, экологиялық жаңарту, сондай-ақ әлеуметтік және қалалық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобаларды таныстырды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Жезқазған мыс балқыту зауытында «Kazakhmys Smelting» ЖШС-ның бас директоры Жәнібек Байғабелов өңір басшысын кәсіпорынның жұмысымен таныстырып, күрделі жөндеу және өндірістік қуатты жаңғырту жобалары туралы баяндады.
№1 және №2 Жезқазған байыту фабрикаларында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары Мұқан Үңгітбаев өндірістік үдеріс туралы баяндап, кен байыту тиімділігін арттыру және жабдықты жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларды таныстырды.
Облыс әкімі Серке Қожамқұлов атындағы театр ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жаңғырту жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда ғимарат ішіндегі демонтаж жұмыстары аяқталып, ескі терезе жақтаулары мен қасбеті жөнделіп жатыр. Ішкі әрлеу жұмысы атқарылып, шатыр жабынын толық ауыстыруға дайындық жасалуда. Жаңғырту жұмысын 2026 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
Бұдан кейін өңір басшысы «Жезқазған» медициналық орталығына барып, мекеменің қызметімен, материалдық-техникалық базасымен және негізгі жұмыс бағыттарымен танысты. Орталықтың басшылығы медициналық көмек ұйымдастыру, заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, сондай-ақ «Қазақмыс» Тобы кәсіпорындарының қызметкерлері мен өңір тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет туралы ақпарат ұсынды.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны облыстық мешіт пен Кеңгір су қоймасы жағалауының құрылыс алаңы болды. Облыс басшылығына жобалардың тұжырымдамасы таныстырылып, құрылыс алаңы мен оған іргелес аумақты абаттандыру барысы көрсетілді.
Жағалауды абаттандырудың екінші кезеңі «Қазақмыс» Тобының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 3,4 млрд теңге бөлінген. Жоба толық аяқталғаннан кейін жағалау тұрғындардың демалуына, мәдени іс-шара өткізуіне және қалалық ортаны одан әрі дамытуға арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналады.
Жұмыс сапарының екінші күнін қорытындылаған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі компания өндірістік қуатты жаңғыртуға, экологиялық бастамаларды іске асыруға және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салуды жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті. Тараптар өндірістік, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды жалғастырып, Ұлытау облысының тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Фото: «Қазақмыс»
